Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбеде қоқыс шығара алмай отырған тұрғындар әкімдіктен көмек сұрады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Тұран тұрғын алабының тұрғындары Ақтөбе әкімдігіне барды. Мұнда 500-ге жуық үйден мүлде қоқыс жиналмайды.

Ақтөбеде қоқыс шығара алмайтын отырған тұрғындар әкімдіктен көмек сұрады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Тұран тұрғын алабының тұрғындары бүгін әкімдік алдына жиналды. Ондаған тұрғын 500 үйдің мәселесін көтерді. Тұрғындар 5 жылдан бері қоқысты қайда таситынын білмей, көміп, өртеп келеді. Кейде қала ішіндегі қоқыс жәшіктеріне тасымалдайды.

— Тұрғын алаптағы көшенің шет жағында тұрамын. Осы проблеманың шешілмей тұрғанына 5 жыл болды. Адам бар жерде, тұрғын үй бар жерде қоқыс шығады. Сондықтан бізге қоқысты жинайтын жағдай жасап беруі керек. Қазір шұңқыр қазып көмеді, өртейді, — деді тұрғын Бағилаш Ешпанова.

Ақтөбеде қоқыс шығара алмайтын отырған тұрғындар әкімдіктен көмек сұрады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ал Сәндіғали Әбдіғалиевтің айтуынша, кейде қоқыс айнала шашылып қалады. Жаздың аптап ыстығында шіріп, иістеніп те кетіп жатыр.

— Біздің сергелдеңде жүргенімізге он шақты жыл болды. Айтылады, бірақ сол күйі қалады. Балаларға жинап қоямыз, сосын олар қалаға тасиды. 2-3 күн, бір апта бойы жиналады, — деді ол.

Ақтөбеде қоқыс шығара алмайтын отырған тұрғындар әкімдіктен көмек сұрады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімін бір сағат бойы тапжылмай күткен тұрғындар әр адамға ай сайын 450 теңге төлеуге келісті. Қоқыс тасымалдайтын мекеме де келісімшарт жасауға уағдаласты.

Ақтөбеде қоқыс шығара алмайтын отырған тұрғындар әкімдіктен көмек сұрады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Қоқыс шығаратын арнайы компания бар. Жеке компания атауы — «Neo плюс». Олар жұмыс істеуге дайын. Тұран ауылында адамдар әлі толық қоныстанып болған жоқ. Мұнда 500-ге жуық үй бар. Жалпы жаңадан қоныстанып жатқан ауылдарда адамдар жұмысқа кетіп бара жатқанда өзімен бірге ала шығып, қаланың басқа алаңдарына тастап жүр. Одан бөлек қоқысты ауласына жинап, көктемде, күзде екі айлық жарияланғанда полигонға тасиды, — деді Алматы ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру барысында Ақтөбе қаласынан 32 рұқсат етілмеген қоқыс алаңы анықталғанын хабарлағанбыз. Заң бұзушылықтар бойынша екі аудан әкімінің орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қоқыс үйінділерін жою жұмыстары басталды.