Ақтөбеде Көкжиде аумағынан мұнай ұңғымаларын көшіру жұмысы уақытша тоқтатылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су қорын сақтауға бағытталған жоба аяқсыз қалуы мүмкін. Әзірге тек 4 ұңғыманың жұмысы тоқтатылды.
Ақтөбе аумағындағы Көкжиде кен орнында жерасты суын сақтау жұмысы бірнеше жыл бұрын басталды. 2021 жылы облыс прокуратурасы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ (10 ұңғыма), «КМК Мұнай» АҚ (68 ұңғыма), «Фирма Ада Ойл» ЖШС-нің (56 ұңғыма) жұмысын тоқтату шарасы басталғанын хабарлады. Алайда бұл жобаның өзі қазір беймәлім күйде тұр.
- ҚР Экология министрлігінің жобасы әлі де өзекті. 2024 жылы «жыл сайын ұңғымаларды біртіндеп тоқтату» жобасы қолға алынғанымен, 2025 жылы оған қарсылық білдірді. Бар болғаны 4 ұңғыма жұмысы тоқтатылды. Содан кейін гидрогеологиялық зерттеу жүргізуге шешім қабылданды. Бұл сұрақ қазір ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты болып тұр, - деді Ақтөбе облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.
Айта кетейік, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырмасы бойынша 2024-2025 жылдарда зерттеу жүргізіліп, қорытындысы шықты. Қорытынды бағалау бойынша, техногендік өзгерістерге ұшыраған учаскелер алқап ауданының шамамен 11%-ын алып жатыр. Ал құмның 89%-ы табиғи күйіне жақын қалпында сақталған, яғни мұнай-газ өндірісі жерасты суларына кері әсерін тигізбеген.