Ақтөбеде көпсалалы аурухана қымбат бағаға кереуеттер сатып алмақ болған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбедегі көпсалалы аурухана 488,2 млн теңгеге 188 кереует сатып алмақ болды. Бағаның нарықтан тым жоғары екенін Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтап, заңсыздықты жою жөнінде ұйғарым берді.

жедел жәрдем
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында көпсалалы ауруханаға қатысты іс қаралды. Сотқа шағымды Ақтөбе облыстық көпсалалы аурухана түсірді. Олар мемлкеттік сатып алу талаптарында заңбұзушылық жоқ екенін, кереует сатып алу дұрыс жүргізілгенін алға тартты. Ал Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бұл уәжге өз айтары бар.

- Көпсалалы облыстық ауруханаға тауарды сатып алудың заңдылығы мәселелері негізінде аудиторлық іс жүргізіліп, нәтижесінде бюджет қаржысының 286,1 млн теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы шығыс құжаттарына талдау жасамастан Көпсалалы облыстық ауруханаға 520 млн теңге бөлді. Аурухана 2023 жылы өнім беруші ұсынатын және оның өндіруші, ресми дистрибьютор немесе өндірушінің ресми өкілі мәртебесін растайтын шартының көшірмесі немесе өзге де құжаттарын талап етпей, «Контур ХХІ» ЖШС-не 488, 2 млн теңгені негізсіз аударған. Ал NITRO HB моделінің NITRO HB 8140 сериалы электрлі кереуеттің 188 данасы үшін негізгі баға 202,1 млн теңге болған. Сөйтіп ақша 286 117,2 мың теңгеге артық аударылды. Нұсқама беріліп, аурухана оның күшін жою үшін сотқа жүгінді. Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты аурухана шағымын қарағаттандырмады. Ал Ақтөбе облыстық соты Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Әрі қарай департамент тарапынан заңбұзушылықтарды қалпына келтіру шарасы қабылданады, - деді Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.

Сот қаулысы заңды күшіне енген соң аурухана әкімшілігі кереуетті жеткізген компаниядан артық шығынды кері қайтаруы тиіс.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, аурухана 2023 жылдың қазан айында электр қуатымен жұмыс істейтін медициналық кереуеттерді сатып алуға тендер өткізді. Алайда тендер өткізілмеді деп саналды. Өйткені оған «К» атты ЖШС-нен бір ғана өтінім түсті. Осыған байланысты аурухана тауарды жалғыз жеткізушіден сатып алу туралы шешім қабылдады. Әрі қарай 488 217 200 теңге сомасына 188 төсек жеткізуге шарт жасақталған. Аудит қорытындыларына сәйкес аурухана тендерді қорытындылау мерзімдерін бұзды, шекті бағаны анықтау үшін коммерциялық ұсыныстар бермеді және медициналық жабдықтың құнын талдау үшін ескірген деректерді пайдаланды. Бұдан басқа бағаны көтергені анықталып, бұл 286 117 200 теңге сомасына бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға әкелген.

Айтып өтейік, сот қаулысы Жоғарғы сотта қаралауы мүмкін. Аурухана әкімшілігінің 1 ай уақыты бар. Соттағы деректерге сүйенсек, кереуеттер 2023 жылы сатып алынып, емдеу орнына жеткізілген.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Ол мектеп директорынан ақша жинатып, жұмсап жіберген.

 

Соңғы жаңалықтар