Ақтөбеде аудандық білім бөлімінің басшысы сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Ол мектеп директорынан ақша жинатып, жұмсап жіберген.

суд
Фото: pixabay.com

Іс Қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігі бойынша қаралды. Айыптау актісіне сүйенсек, Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған лауазымды тұлға мектеп директорына қоңырау шалып, әріптестерінен ақша жинауды тапсырады. Нәтижесінде жиналған 1 500 000 теңге ақшаны иемденіп, өз қажетіне жұмсаған. Бұл қылмыстық іс сотқа түспей тұрып, прокурор мен сотталушы арасында процестік келісім жасалды. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындады. Мемлекеттік айыптаушы процестік келісімге сәйкес сотталушыға 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. 

— Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы мен пробациялық бақылау тағайындалды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Шалқар аудандық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, биыл жазда Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорын Антикор ұстап, қамауға алды. https://youtu.be/yuyrSiJfIbE?si=aEViWL0k2t8mhdvp Осы оқиғадан соң тергеу жүріп, іс екіге бөлінді. Екінші іс мектеп директорына қатысты қаралады. 

Еске салсақ, Ақтөбеде медицина университетінің грантына түсіруге уәде еткен айыпталушы алаяқтығы үшін сотталды. Ол үш жылдық жазасын бостандықта жүріп өтейді. 

Соңғы жаңалықтар