Ақтөбеде мұнайшылар 7 жылдық экологиялық үстемеақыны талап етті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Gas Processing Company» ЖШС 2019-2026 жылдар аралығында экологиялық үстемеақы төлемей келген. 280 жұмысшыға 1 млрд теңгеден астам ақша қарыз. Бірақ компания тексеру қорытындысына қарсы шағым түсірді.
«Gas Processing Company» ЖШС-нің жұмысшылары кәсіподақ құрып, өз құқығын талап ете бастады. Содан бері жұмыс берушімен арадағы қатынас қиындай түскен.
— Жұмысшылардың бірігіп, кәсіподақ құруы қиын болды. Бұл жұмыс 9 айға созылды. Содан кейін жұмысшы, жұмыс беруші және кәсіподақ үшжақты келісімшартқа қол жеткіздік, бірге жұмыс істеуге келістік. Келісімшарт кезінде 20% экологиялық зиян, 10% индексация қосылды. Алайда осыдан кейін қысым да күшейе түсті. Біз 2019 жылдан бастап биылға дейін есептелмеген экологиялық үстемеақыны талап етіп, заңдылықты тексеру үшін еңбек инспекциясына шағым түсірдік. Тексеруден соң 1 млрд 20 млн теңге бережақ екенін білдік. Мен кәсіподақ төрағасы ретінде жұмыс істеймін, қарапайым компьютерім жоқ. Кәсіподақ ашылған соң балалы болса, мерейтойға ақы төлейміз. Әрқайсысы келіп, өтініш жазуы керек, — деді Дастан Мырзин.
Оның айтуынша, «Gas Processing Company» ЖШС газ өңдейді. Жұмысшылары газ бен күкірттің ортасында жүр.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Искариннің айтуынша, тексеру қорытындысы шықты, алайда компания келіспей, сотқа шағым түсірді.
— Шағым түсті, тексеру болды. Еңбек инспекциясы экологиялық үстемеақыны өтеу туралы нұсқама берді. Сонымен бірге айыппұл салынды. Қазіргі кезде компания нұсқамаға келіспей, сотқа шағым түсірді. Ұйғарым 31 шілдеге дейін орындалуы керек, — деді Талғат Искарин.
Еңбек инспекциясының тексеру жұмысы кезінде компания бірнеше зертханалық тексеру қорытындысын ұсынды. Онда экологиялық заңнама талаптары бұзылмағаны, зиянды бөлініс болмағаны туралы жазылған. Алайда өндіріс орны Байғанин ауданы территориясында орналасқан. «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес бұл ауданға экологиялық үстемеақы міндеттеледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жезқазған кеншілері шахтадағы құрал-жабдықтың тозғанын айтып шағымданды.