Ақтөбеде оқушылар мерт болған жол апатына қатысты сот отырысы басталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында олимпиадаға барар жолда жол-көлік оқиғасына тап болып, көз жұмған оқушыларға қатысты істің алдын ала тыңдалымы өтті.

сот
Фото: Алтынай Сағындықова

Оқиға «Самара-Шымкент» тасжолының Ырғыз ауданы аумағында тіркелгенімен, іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Бүгін алдын ала сот тыңдалымы өтті. Онда прокурор Асланбек Ибрашев айыптау қорытындысын оқыды.

Іс материалына сүйенсек, Темірастау мектебінің мұғалімі, жүргізуші 2023 жылдың 19 желтоқсаны күні сағат 08:30–да Жаныс биден Ырғыз ауылына қарай бет алады. Ауа райы мен метеорологиялық жағдайды ескермей, Самара-Шымкент тасжолының 1140 шақырымында жолдың қарсы бағытына арналған жолаққа шығып кетеді. Сол кезде қарсы келе жатқан жүк көлігімен соқтығысады.

— Жол-көлік оқиғасы кезінде 2008 жылы туған оқушы ауруханаға түсті. 1998 жылы туған мұғалім, 2008 жылы туған оқушы қыз, 2007 жылы туған ер бала жол-көлік оқиғасынан оқиға орнында қайтыс болды. 1998 жылы туған туған мұғалім бас жарақатынан қайтыс болған. Бұл қатты ауыр соққыдан болуы мүмкін. 2007 жылы туған ер баланың басы жұлынып кеткен. 2008 жылы туған оқушы қыз жарақат әсерінен травматикалық шок алып, қайтыс болған, — деді прокурор.

Жол-көлік оқиғасынан соң үш көлікке де сараптама тағайындалды. Сонымен бірге жүк және тағы бір жеңіл көлік зақымданды. Сот отырысына айыпталушының туыстары, жәбірленушінің жақындары қатысты.

— Жаныс би ауылындағы қарашаңырақта отырған Сайранның апасымын. Қайтыс болған балалардың үшеуі — ағайынды. Рульде отырған Сайранның ұлы. Бұл үш шаңыраққа да қиын сынақ болды. Жол қателікті кешірмейді. Алла сынақ берді, соны көтеріп жатырмыз. Рульде отырған інімізге жеңілдік берсе дейміз. Қамауда отырғанда, Ырғызда ешкім оны көре алмады. Әкесі ғана қорғаушы ретінде кіріп шықты. Психолог жалдап, інімізге көмектесуге тура келді. Ол өмір сүргісі келмеді, өз-өзіне қол салмақ болды. Жанында отырғаны өз досы, ал көз жұмған туған қарындасы. Өте ауыр болды. Психологке қарындасын бір рет, ал досын қайта-қайта айтқан. Екеуі қатар жүрді. Оқу бітірген соң «ауылдан бірге бастаймыз» деп барды. Бес жыл болды, екеуі де сол мектептің мұғалімі. Қайтыс болған бала мектептің жұлдызы болды, — деді Гүлбану Шамшадинқызы.

Еске салсақ, Самара-Шымкент тасжолына жол-көлік оқиғасы болып, екі оқушы мен мұғалім көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар