Ақтөбеде өрт сөндірушілер екі күн қатарынан жалған хабарлама алды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Оқиға орнына 20-дан астам қызметкер мен бірнеше техника қатар барды. Полиция жалған хабарлама берген адамды іздестіріп жатыр.

Ақтөбеде өрт сөндірушілер екі күн қатарынан жалған хабарлама алды
Фото: z_aktobe_official

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 және 19 қазан күндері Астана қаласындағы «1414» байланыс орталығына Ақтөбеде өрт болып жатқаны туралы хабарлама түседі. Хабарлама облыстық ТЖД-нің кезекші бөліміне бағытталып, арнайы қызмет Ақтөбе қаласы Астана ауданы Бөгенбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйге барды. 

— Оқиға орнына Ақтөбе облысының ТЖД құтқарушылары жіберілді. Аталған мекенжайға келген кезде өрттің және түтіннің ешқандай белгісі табылмады, яғни хабарлама расталмады. Жүргізілген тексеру барысында өрттің мүлде болмағаны анықталды. Бұл жағдай жалған дабыл ретінде тіркеліп, тергеу жүргізу үшін материал полиция қызметіне жолданды, — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі. 

Оқиға орнына ТЖД-нен 14 адам мен 4 техника, жедел-құтқару жасағынан 3 құтқарушы мен техника, апаттар медицинасы орталығынан 3 адам мен техника жіберілген. Сонымен бірге полиция, жедел жәрдем мен газ қызметі барды. 

Айта кетейік, ШҚО-ның Глубокое ауданына қарасты Черемшанка ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Абырой болғанда көршісі өртеніп жатқан үйден екі баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ТЖМ. 

Соңғы жаңалықтар