Ақтөбеде өткен халықаралық шахмат турнирінде ирандық гроссмейстер жеңімпаз атанды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде өткен «Владимир Дворковичтің мемориалы – Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі ирандық Пархам Магсудлудың жеңісімен аяқталды, 23 жастағы гроссмейстер 9 турда 7,5 ұпай жинады.

«Ирандық Каспаров» деп аталып жүрген П.Магсудлу 7 жеңіске қол жеткізіп, соңғы турда Алексей Саранамен тең ойнады. Тек 3-турда отандасы, Aktobe Open-2023 жеңімпазы Бардия Данешвардан жеңіліс тапты. Бас жүлдемен бірге ол 9 млн теңге ($20 000) ақшалай сыйақыға ие болды.
Екінші орын және 7 млн теңге ($15 600) Сербия атынан шығып жүрген бұрынғы ресейлік Александр Предкеге (2667) бұйырды – 7 ұпай.
Төрт шахматшы 6½ ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер (Бухгольц коэффициенті) бойынша Сербия құрамасының ойыншысы, тағы бір экс ресейлік Алексей Сарана (2706) үшінші орынға шықты. Оның табысы – 5 млн теңге ($11 100).
Қытайлық Бу Сянчжи (2689), армян Шант Саргсян (2637) және Беларусь өкілі Михаил Никитенко (2525) 6,5 ұпаймен үздік үштіктен тыс қалды.
Жарыс қорытындысында 6 ұпай жинаған 11 шахматшының арасында қазақстандық Денис Махнёв (2518) 13-орынға жайғасты. Табысты өнер көрсеткен 24 жастағы павлодарлық шахматшы қыркүйек айында өтетін шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасын бастап шығатын болады.
ТОП-30-ға сондай-ақ 5,5 ұпаймен Әлішер Сүлейменов (22-орын, 2499), Алдияр Аңсат (23, 2421), Рамазан Жалмаханов (25, 2490), Жандос Ағманов (26, 2467) және 5 ұпаймен Эдгар Мамедов (28, 2410) енді.
Махнёв пен Сүлейменов қазақстандық қатысушылар арасында екі үздік ойыншы ретінде тиісінше 1 млн ($2200) және 700 мың теңге ($1500) алды.
Алдияр Аңсаттың үшінші, Эдгар Мамедовтің бірінші гроссмейстерлік норманы орындағанын атап өткен жөн. Осылайша, 15 жастағы Алдияр Қазақстан шахматы тарихында ең жас гроссмейстер атанады (қазіргі таңда рекорд 1998 жылы 19 жасында 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған Дәрмен Сәдуақасовқа тиесілі). 18 маусымда 14 жасқа толатын Эдгар алдағы уақытта Алдиярдың көрсеткішінен асып түсуі мүмкін.
Әйелдер арасында алғашқы үш орынды ресейліктер бөлісті. Бас жүлде және 1,1 млн теңге ($2400) 5,5 ұпай жинаған (жалпы 21-орын) халықаралық шебер және әйелдер гроссмейстері Полина Шувалованың (2456) қанжығасында кетті. Одан кейін 4 ,5 ұпаймен Ольга Баделько (2385) мен Екатерина Гольцева (2303) орналасты. Қазақстандық қыздар сәтті өнер көрсете алған жоқ.
Ашық біріншілікте (Open A) ФИДЕ шебері Илья Моисеенко (2262) 8 ұпаймен озық шықты. Қазіргі кезде Ақтауда тұратын ол өзінің туған қаласында халықаралық шебер Кирилла Кудериновті (2364) жарты ұпайға артқа қалдырды. Мұнда жеңімпаз 1 млн теңгемен ($2200) марапатталды.