Ақтөбеде республикалық бағыттағы барлық тасжол уақытша жабылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Өңірде жел күшейіп, қар аралас жаңбыр жауып тұр. Республикалық, сонымен бірге облыстық маңызы бар жолдарға шектеу қойылды.

жол жабық
Фото: видеодан алынған скрин

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолдар боран басылғанға дейін жабық болады.

- Полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет етіп, жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп тұр. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды және алыс жолға шықпауды сұраймыз,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, республикалық маңызы бар Самара-Шымкент, Ақтөбе-Орск, Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы, Қарабұтақ – Қостанай облысы шекарасы мен облыстық Дөң – Бадамша – Ақтөбе – Орск, Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Соль-Илецк, Ақтөбе – Болгарка – Шұбарқұдық тасжолы жабық. Бұл жолда барлық көлікке шектеу қойылды. Ал Ақтөбе – Қызылорда, Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы жолында жүк және қоғамдық көліктер уақытша жүре алмайды.

Айта кетейік, күннің бұзылуына байланысты елімізде бірнеше бағыт бойынша қозғалысқа шектеу қойылды. Олардың арасында Қостанай мен Ақмола облыстары арқылы өтетін республикалық тасжолдар бар.

 

Соңғы жаңалықтар