Ақтөбеде республикалық маңызы бар жолдарға инертті материалдар тасымалданып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл қысқа 33,8 мың тонна құм, 7,6 мың тонна тұз дайындалады. Сонымен бірге қар басу қаупі жоғары жол бөліктеріне ағаштан қалқан жасалады.

жол
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АОФ баспасөз қызметі

Ақтөбедегі республикалық және халықаралық бағыттағы жолдың ұзындығы - 1876 шақырым. Қазіргі кезде осы жолдың 28 шақырымында қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондықтан қыста бұл аумақтағы жолды күтіп ұстауға мердігер мекеме, яғни, «Сине Мидас Строй» ЖШС жауапты. Компания боранды, көктайғақ күндерге деп 1000 тонна құм, 375 тонна тұз әзірлейді. Сонымен бірге тайғақ жолға 8 белгі орнатылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 6 техника дайындалды. Ал қалған 1848 шақырымды күтіп ұстау жұмыстарын «ҚАЖсервис» ЖШС-нің Ақтөбе облыстық филиалы атқарады. Филиалда 6 жол пайдалану бөлімшесі, 12 жол пайдалану пункті бар.

- Жолды қардан тазарту, тоқтап қалған көлікті сүйреу, құм себу үшін 123 техника әзірленді. Талап бойынша техника саны 154 болуы тиіс. Қазіргі кезде 15-ін жалға алуға келісім бар. Тағы 32-і жетіспейді. Сонымен бірге инертті материалдар да тасымалданып жатыр. Биыл жоспар бойынша 33 800 тоннадан астам құм жиналады. Былтырдан 12,5 мың тоннасы қалып тұр. Қалған 21 мың тоннадан астамы қазан-қараша айларында арнайы орындарға үйіледі. Сонымен бірге 7,6 мың тонна тұз қажет. Мұнда да былтыр 1,6 мың тоннасы қалған. Биыл 1 мың тоннасын жеткізуге келісімшарт жасалды. Тағы 5 мың тоннасын жеткізу үшін конкурс жарияланды. Ал 2 мың тоннасын 2026 жылы алу жоспанданды, - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысындағы республикалық бағыттағы тасжолда 15 жылыту бекеті бар. Барлығы 99 кереует жабдықталды.

- Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қар басатын 101 учаске бар. Бұл дегеніміз - 246 шақырым. Қазіргі кезде 86 шақырымында темірбетон қоршау орнатылған. Өзгесіне ағаштан қалқан орнату және қар тоқтату жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Ақтөбе облысы үшін Самара-Шымкент автожолының Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ учаскесі ең өзекті болып тұр. Жалпы ұзындығы 202 шақырымдық жолды қыста күтіп ұстау үшін 10 мың тоннаға жуық құм, 2 мың тонна тұз дайындалады. Күтіп ұстау жұмыстары Ақжар, Хромтау, Қарабұтақ бөлімшелерінде ұйымдастырылады. Көлік кептілісін алдын алу мақсатында Хромтау, Қарабұтақ ауылдарында жалпы ұзындығы 34 шақырым уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр, - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Хромтау ауданы аумағында 23 шақырым, Әйтеке би ауданы аумағында 11 шақырым айналма жол жасалады. 2024 жылдың ақпан айында дәл осы аумақта 2 мың көлік тұрып қалып, бірнеше күн бойы қатынас тоқтады. Биыл қаңтарда дәл осы аумаққа айналма жол салу жұмысы жүргізілді. https://kaz.inform.kz/news/aktobede-kolk-keptels-bolatin-halikaralik-bagitta-aynalma-zhol-dayindalip-zhatir-beb2c4/

Соңғы жаңалықтар