Ақтөбеде шетелдіктер мінген автобус жолаушыларына көмек көрсетілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Автобус Тәжікстаннан Ресейге бағыт алған. Жолаушылардың бәрі кемпингке жеткізілді. 

Ақтөбеде шетелдіктер мінген автобус жолаушыларына көмек көрсетілді
Фото: видеодан алынған скрин

Ақтөбеде ауа температурасы –25 градусқа дейін төмендеп, полиция қызметкерлері республикалық тасжолдарда көмек көрсетті. Әйтеке би ауданы аумағында Тәжікстаннан Ресейге бағыт алған автобус тоқтап қалды.

– Полиция ауа райының қолайсыздығына байланысты қозғалысты жалғастыра алмаған автобусты байқады. Автобус салонында 55 шетел азаматы бары анықталды. Тағы бір оқиға Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай ауылының маңында болды. Мұнда техникалық ақауға байланысты Өзбекстаннан Ресейге бағыт алған Ларгус автокөлігі тоқтаған. Көлікте жеті шетел азаматы болды. Барлық жағдайда полиция қызметкерлері қажетті көмек көрсетіп, азаматтарды уақытша кемпингке орналастырды. Онда жолаушыларға жылынуға және демалуға мүмкіндік жасалды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбеде алдағы аптада да аяз түспейді. Түнде -18-22 градусқа дейін төмендесе, күндіз -15-17 градус болады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, желдің жылдамдығы секундына 7-12 метрге жетеді. 21қаңтарда аздаған қар жауабы, ал аптаның өзге күндері күн ашық болады.

Еске салсақ, 15-қаңтар күні Ақтөбеде жолда қалған жедел жәрдем мен автобус жолаушыларына көмек көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар