Ақтөбеде шомылу маусымы кезінде 7 әкім әкімшілік жауапқа тартылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ауылдық округ әкімдері су айдындары мен өзендерге тыйым салу белгісін орнатпаған. Сонымен бірге рұқсатсыз жұмыс істеген жағажай басшылары да айыппұл төледі.

белгі
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Ақтөбе облысында шомылу маусымы аяқталды. Биыл жағажай иелерінен барлығы 67 өтініш түсіп, тексеруден соң оның 33-і пайдалануға берілді. Коммуналдық және жекеменшік жағажайлардағы құтқару бекеттерін жасақтау үшін 85 жасақшы-құтқарушы оқытылды.

-​Шомылуға қауіпті 228 орында 430 тыйым салу белгісі орнатылды. Ескерту белгілеріне түгендеу жүргізіліп, олар жаңартылды. Сондай-ақ шомылу маусымы басталғалы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 126 адам жауапқа тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы - 1 978 736 теңге. Соның ішінде тыйым салу белгілерін орнатпағаны үшін 7 селолық округ әкіміне және рұқсатсыз жұмыс жасағаны үшін 5 жағажай иесіне әкімшілік айыппұл салынды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі. Биыл шағын кемелерді пайдалану кезінде бірқатар бұзушылық анықталып, 20 айыппұл салынды.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы өзендерде орнатылған 33 бейнебақылау камерасы облыстық ТЖД кезекші бөліміне қосылған. ​Сонымен қатар Хромтау ауданында күн батареялары арқылы жұмыс істейтін 16 камера бар. Бейнежазбаны ауылдық округ әкімдіктері бақылайды.

​- Шомылу маусымында облыс аумағында 6 адам мерт болды. Оның үшеуі бала. Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде қайғылы жағдай 33% төмендеді,- деп хабарлады баспасөз қызметі.

Еске салсақ, шілде айында Ақтөбеде жасөспірім суға батып кетті. Оқиға Әйтеке би ауданы Аққұм ауылында болды. Ол шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен.