Ақтөбеде су басқан үйлерді жаңадан тұрғызуға жер учаскелері бөлінді

үй
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ақтөбе облысына сапары барысында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салынатын жер учаскелерімен танысты.

«Кеше Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ақтөбе облысына сапары барысында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салу үшін әкімдік бөлген жер учаскелерінің жай-күйін тексерді. Әкімдіктің ақпараты бойынша өңірде 436 дайын жер учаскесі бар, оның ішінде Ойыл ауданында - 321, Қобда ауданында - 77, Әйтеке би ауданында - 22, Темір ауданында 10 және Ақтөбе қаласында 6 жер учаскесі бар», - деді аталған министрліктің ресми өкілі Меруерт Ибраева Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Министр жүргізіліп жатқан жұмыстардың жеделдігі мен сапасын бақылауда ұстайтынын айтқан. 

«Сондай-ақ, Қанат Шарлапаев жергілікті кәсіпкерлермен және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында алдағы қалпына келтіру жұмыстары аясында бірлескен жұмыс жоспарлары мен стратегиясы талқыланды. Министр жоспарлаудан бастап тікелей құрылысқа дейінгі жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде ашықтық пен жариялылықтың маңызын атап өтті», - дейді ол. 

Бұған дейін су басқан үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын үш жедел топ құрылғаны туралы хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар