Ақтөбеде тергеуші алаяқтығы үшін 4 жылға сотталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік тергеуші Аслан Сағандықов алаяқтығы үшін сотталып, жәбірленушіге 850 мың теңге материалдық шығынды төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде тергеуші алаяқтығы үшін 4 жылға сотталды

Елек ішкі істер бөлімінде аға тергеуші болып жұмыс істеген Аслан Сағандықов Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылды.

«Аслан Сағандықов кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», - деді судья Айнұр Бекмұхамбетова. Сонымен қатар, сотташулы А.Сағандықов жәбірленушіге 850 мың теңге, сот шығындары үшін 1 миллион теңгеден астам төлеуі тиіс.

Іс материалына сүйенсек, аға тергеуші Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша істі қарап, сотқа жеткізген. Сол аралықта тергеуші айыпталушы тараптан сараптама жасату үшін заңсыз 1 миллион теңге ақша сұраған. Баласының кінәсіз екенін дәлелдемек болған Сазонов сұрағанын беріп, кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына шағымданады.

«Сот үкімі әділ емес, заңсыз деп есептеймін», - деді сотталушы Аслан Сағандықов.