Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбеде тозығы жеткен кәріз-тазарту стансасының орнына жаңасы салынып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Құрылыс жұмыстары үш жылға созылады. Биыл басталып, 2028 жылы көктемде аяқталуға тиіс.

Ақтөбеде тозығы жеткен кәріз-тазарту стансасының орнына жаңасы салынып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласында кәріз-тазарту стансасының жобасы бірнеше жыл бұрын жасалып, құрылыс биыл ғана басталды. Құрылыс жұмыстары кезінде 350 адам жұмыс істейді. Жаңа стансаның артықшылығы — ағынды су төрт сатылы тазартудан өтеді.

— Қазір жұмыс істеп тұрған кәріз-тазарту стансасында ағынды су механикалық және биологиялық тазартудан өтті. Жаңасында төрт деңгейлі тазарту болады. Тазартылған суды балық шаруашылығына қолдануға мүмкіндік бар. Тағы бір айта кететін жайт, ескі кәріз-тазарту стансасы тәулігіне 130 мың текше метр ағынды су қабылдауға қуатты. Қазір 70 мың текше метр қабылдап тұр. Көп дегенде тәулігіне 90-95 мың текше метр су келеді, — «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директоры Нағымжан Алдияров.

Ақтөбеде тозығы жеткен кәріз-тазарту стансасының орнына жаңасы салынып жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ескі кәріз-тазарту стансасында тазартудан өткен су көктем сайын Елек өзеніне ағызылып тұр. Ал жаңасында су техникалық мақсатта қолдануға жарамды болмақ. Ол үшін қосымша жоба әзірленеді. Тағы бір мәселе — жағымсыз иіс. Жаңа кәріз-сорғы стансасы бұл мәселені түбегейлі шешпейді, алайда иісті азайтуы мүмкін.

— Төртінші деңгейдегі тазарту кезінде биогаз түзіледі. Одан электр қуаты өндіреледі. Бұл кәріз-тазарту стансасы қажеттілігінің 30% қамтамасыз етеді. Ал ұнтақ ауыл шаруашылығы саласында тыңайтқыш ретінде қолданылады, — деді Н.Алдияров.

Айта кетейік, Ақтөбедегі кәріз-тазарту стансасының жобалық құны — 53,5 млрд теңге. Алайда құрылыс жұмыстарына 43 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалады. Қаржы Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы бөлінді. Мемлекет кепіл болып отыр және қаржы 15 жылда қайтарылады. Алдағы уақытта қаржының 90 пайызы республикалық, 10 пайызы жергілікті бюджет есебінен жабылады. Ақтөбеде әзірше ағынды су тарифін көтеру сұрағы қарастырылып жатқан жоқ.

Еске салсақ, Ақтөбедегі кәріз-тазарту стансасының тозу көрсеткіші 70% жетіп тұр. «Ақтөбе қаласының кәріз тазарту құрылыстарының құрылысы» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі 2023 жылы салалық сараптамадан өтті.