Ақтөбедегі кәріз-сорғы стансасының тозу көрсеткіші 70% жетіп тұр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде құны 53,5 млрд теңге болатын Кәріз-сорғы стансасының құрылысы 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазіргі кезде қаланы қамтып отырған жалғыз стансаның тозу көрсеткіші 70 пайызға жетті. 

насос
Фото: Aqtobe su-energy group

Ағынды суды механикалық және биологиялық тазартудан өткізіп, жинайтын кәріз-сорғы стансасы 1981 жылы іске қосылған. Жобалық қуаты тәулігіне — 103 мың текше метр.

Орта есеппен тәулігіне 70 мың текше метрді жинаса, көп дегенде 96 мың текше метрге жетеді. Мұнда тұрмыстық және өндірістік қалдық келіп түсіп, тазартылады.

Яғни тұрғын үйлермен қатар өндірістік және тамақ өнеркәсібі, теміржол көлігі мен құрылыс саласы, көлік жуу орны мен жанар-жағармай стансасы, монша, сауна секілді кәріз құбырын пайдаланатын шаруашылықтың бәріне бір ғана станса қызмет көрсетеді.

Ағынды суда тазарту кезінде реагенттер қолданылмайды. 

— Су ағыспен негізгі сорғы стансасына түседі. Сол жерден қалалық кәріз-тазарту құрылыстарына жетіп, биологиялық тазарту жүргізіледі. Механикалық тазарту кезінде тор қойылып, құм тұндырылады және жиналған қалдықтар алынады. Биологиялық тазарту кезінде ағынды су аэротенкке жетіп, қайта тұндырылады. Ағынды суды тазарту кезінде май да сүзіледі, — деп хабарлады «Aqtobe su-energy group» АҚ баспасөз қызметі.

насос
Фото: Aqtobe su-energy group

Ағынды су бірнеше рет тазартылады, кейін резервуарға толтырылады. Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде белгілі бір мөлшері Елек өзеніне жіберіледі. 

— Ақтөбе қаласының кәріз тазарту құрылыстары жұмысының технологиялық регламентіне сәйкес жыл сайын тасқын кезінде 10 млн текше метр сарқынды су Елек өзеніне жіберіледі. Суды жіберу кезінде шаруашылық мақсатта қолдануға болатындай етіп қар суы мен өзен суын 1:10 есебінде араластырып, ағызады, — деп хабарлады «Aqtobe su-energy group» АҚ баспасөз қызметі.

Бірнеше жыл бұрын Ақтөбеде кәріз-сорғы стансасын салу жөнінде мәселе қозғалды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі құрылыс жұмыстары туралы Kazinform агенттігің сұранысына жауап қайырды. 

— «Ақтөбе қаласының кәріз тазарту құрылыстарының құрылысы» жобасына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. 2023 жылы салалық сараптамадан өтті. Экономикалық сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы қорытындысы және РБК (Қаржы министрлігі) мақұлдауы алынды. Тендерлік құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды іріктеу бойынша тендер процесі жүріп жатыр, — деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі. 

а
Фото: Aqtobe su-energy group

Министрлік ақпаратына сүйенсек, құрылыс 2026-2027 жылдары басталады. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құны 53,5 млрд теңге болып тұр.

Кәріз-сорғы стансасы жаңадан салынғанымен, ескісі де қатар жұмыс істей береді. Дегенмен Ақтөбе қаласындағы бұл құрылыс жағымсыз иісті түбегейді жоюға септігін тигізе алмайды. Себебі иіс көзі біреу емес, бірнешеу. 

— Бұл құрылыс қаладағы жағымсыз иіс мәселесін түпкілікті шешетіне кепіл жоқ. Себебі Ақтөбе қаласындағы ірі Ақтөбе жылу энергия орталығы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және Актөбе хром қосындылар зауытынан атмосфералық ауаға шығарындыларды жоққа шығара алмаймыз, — деп хабарлады министрлік. 

кәріз
Фото: Aqtobe su-energy group

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе облысында құм тоқтату жұмысы нәтиже бермеді. Төрт аудандағы 19 елдімекенде құм көшкіні жүреді. Ол — Шалқар, Ырғыз, Темір, Байғанин аудандары. 

Соңғы жаңалықтар