Ақтөбеде үйлену тойына дейін пәктікті сақтауға тәлім-тәрбие беретін келіндер клубы ашылды - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«2012 жылдың 5 қыркүйегінде Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Әлем елдерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі туралы (The Global Competitiveness Index 2012-2013) есебі жарияланған болатын. Жаңартылған рейтингке сәйкес, Қазақстан өзінің позициясын 21 пунктке жақсартып, 72-ші орыннан 51-ші орынға көтерілді. Қазақстанның мұндай жоғары көрсеткіші - бұл Мемлекет басшысының саяси бағытын табысты жүзеге асырудың нәтижесі екені күмәнсіз. Осылайша біздің республикамыз әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына ену туралы алға қойылған міндетті жүзеге асыруға айтарлықтай жақындай түсті»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Даму үдерісі тұрғысындағы мәселелерді көтерген бұл мақала «Бұл - Елбасы бағытын табысты жүзеге асырудың нәтижесі» деген тақырыппен берілді.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында кеше Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының бюро отырысы болғаны баяндалады. Онда Мәжілісте мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына бөлініп берілді. Бюрода «Микроқаржы ұйымдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын одан әрі пысықтау үшін Қаржы және бюджет комитеті бас комитет болып белгіленді. «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу де осы комитетке тапсырылды. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын одан әрі зерделеуге Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті бас комитет болып белгіленді. Осы жайында «Бас комитеттер белгіленді» атты материалда жазылған.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Алматыдағы Достық үйінде «WikiBilim» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Интернет желісінде қазақ тілді мазмұнды дамыту және насихаттау» деген тақырыпта семинар-тренинг болып өтті. Жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов және қазақстандық блогерлер қатысып, интернетті қазақ тілінде сөйлету барысындағы қол жеткен жетістіктермен қоса, алдағы уақытта атқарылуы тиісті мәселелерді тілге тиек етті. Жиынды ашқан «WikiBilim» қоғамдық қорының президенті Рауан Кенжаханұлы қазіргі күні елімізде интернет желісін қолданушылардың жыл санап артып келе жатқанын қуанышпен жеткізді. Десек те, интернет желісінде қазақ тілді мазмұнды дамыту мен насихаттаудың бүгінгі күні өзекті де өткір мәселеге айналып отырғанын жасырмады. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Интернетті қазақ тілінде сөйлету керек» атты мақалада кеңірек жазылған.
«Ақжүрек ақшаға сатылмайды»,- деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Басылымның жазуынша, Спорттық бәсекелер барысында түрлі қызықты оқиғалардың орын алатыны белгілі. Мәселен, жуырда ғана Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еркін күрестен Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшесі Ақжүрек Таңатаров бірқатар келеңсіз жайттарды басынан өткерді. «Лондондағы жарыстың бастапқы бәсекелерінің бірінде қарсыласының бапкері Таңатаровтың қасына келіп: «Егер менің шәкіртімнен ұтылсаң, 100 мың АҚШ долларын беремін», - деген екен. Ақжүрек бұл уәдеге иланбады. Қандасымыз: «Бұларың жарамайды жігіттер. Мен өзге елдің емес, өз елімнің намысын қорғап жүрмін. Артымда қалың елім қазағым тұр. Бүкіл халық тілеуімді тілеуде. Жүздеген мың жанкүйер жеңіс күтеді. Олай болса, менің жеңілуге қақым жоқ», - деп жауап қайырды. Арамза ниеттерін жүзеге асырмақ болған пысықайлар «сыйақы» мөлшерін көбейтіп те көрді. Бірақ Ақжүрек ақшаға сатылған жоқ. Жоспары жүзеге аспаған бапкер кері қайтты»,-делінген газетте.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Жаратылысқа жат құбылыс қайдан келді?», - деген тақырыппен мақала басты. Жаратылыс заңы бойынша адам екіге бөлінеді - еркек, әйел. Үшіншісі берілмеген. Алайда соңғы уақытта адамның қай жыныстық тобына да жатқызуға келмейтін үшінші топ пайда болды. Оларды кім деп айтуды да білмейсің. Мұндай топтар ең алдымен «өркениеті дамыған» деген Еуропа елдерінде пайда болып, ақырын-ақырын қанат жайып, бүгінде бізге де жетті. Еуропалықтар оларға «гейлер», «лесбиянкалар» деп ат та беріп қойған. «Мұндай құбылыс түптің түбінде адамзаттың құрып кетуіне әкеліп соқтырады» дейді мамандар.
***
«Время» басылымының жазуынша, Ақтөбеде келіндердің клубы ашылған екен, онда жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру негіздеріне басымдық берілмек. Осында қыздарды бірінші кезекте неке қиғанша ар мен тазалықты сақтау бойынша үйрететін көрінеді. Ақтөбелік отбасын жоспарлау орталығымен бірлесе аталған клубты ашуға бастамашы болған облыстағы белгілі қоғам қайраткері Зияш Салменнің айтуынша, онда ана болу, аурулардың алдын алу, сондай-ақ ең бастысы үйлену тойына дейін пәктігін сақтау бойынша тәлім-тәрбиелік дәрістер оқытылады.