Ақтөбеде жағажайлардың көбі суға түсу маусымына дайын емес
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 23 жағажай ғана суға түсу маусымына дайындалып, жұмысын бастап кетті. Бұл – ұсыныстың үштен бірі ғана.

Ақтөбе облысында биыл 64 жағажай жұмыс істейді деп жоспарланды. Облыстық ТЖД су айдындарындағы 71 орынның су түбін тексерді. Нәтижесінде 28 орынның қауіпті екені анықталды. Яғни, су түбі терең, балшық, шөп өскен.
- Тиісті құтқару құралдарының (құтқару бекеті, жасақшы-құтқарушылардың болмауы) болмауына баланысты 43 орынның тек 23-де ғана жағажай ашылды. Қалған 20 орында (Ақтөбе қаласы-13, Әйтеке би-1, Темір-3, Қобда-1, Қарғалы-1, Шалқар-1) құтқару құралдары мен жасақшы-құтқарушылардың болмауына байланысты жағажай ашуға рұқсат берілген жоқ. Ақтөбе қаласы бойынша 13 жағажайға екінші рет тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі 4 маусымға дейін белгілі болады. Сонымен қатар департамент аудан әкімдіктерінен келіп түскен өтінімдерге сәйкес жағажайда кезекшілік жүргізетін 59 жасақшы-құтқарушыны оқу курсынан өткізді, - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Қазір Ақтөбе облысында 23 жағажай жұмыс істеп тұр. Олардың төртеуі Ақтөбе қаласында. Қаладағы жағажайлардың мекенжайы:
1. «GREEN LAND» демалыс орны. Ақтөбе қаласы Кірпішті 35/1
2. «Алау» демалыс орны. Ақтөбе қаласы Ясное тұрғын алабы 274А.
3. «Тропикана» демалыс орны. Ақтөбе қаласы Қонаев 2Б.
4. «BarBQ» жағажайы. Ақтөбе қаласы Ясное 52Б.
Ақтөбе облысының аудандарында:
1. Байғанин ауданының Алтай батыр, Миялы ауылдарында коммуналдық жағажай.
2. Ырғыз ауданының Ырғыз, Аманкөл ауылдарында коммуналдық жағажай.
3. Мәртөк ауданы Мәртөк ауылында коммуналдық жағажай.
4. Мұғалжарда ауданы Ақкемер ауылында «Семейный» жағажайы.
5. Ойыл ауданында Көптоғай және Ойыл ауылдарында коммуналдық жағажай.
6. Қобда ауданында Жарық, Әлия, Қызылжар, Қобда, Егіндібұлақ ауылдарындағы коммуналдық жағажай.
7. Хромтау ауданы Көктөбе, Құдықсай, Қопа ауылдары мен Хромтау қаласындағы «Мұғалжар» коммуналдық жағажайы.
Еске салсақ, Ақтөбеде өзенге қой суаруға барған жасөспірім суға батып кетті. Оқиға Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы маңында болды. Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарды сақ болуға шақырды.