Ақтөбеде жасанды ұрықтандыруға берілген 141 квота әлі игерілмеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сәби сүйгісі келетін отбасына биыл облыс бойынша 311 квота беріледі. Қазіргі кезде жасанды ұрықтандыру квотасының 141-і әлі де қолданылмады. Ақтөбелік әйелдердің екі ай ғана уақыты бар. Кімдер құжат тапсыра алады және жасанды ұрықтандыруға кімдер жиі жүгінеді? Kazinform сұрағына Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Светлана Есенаманова жауап берді.

Ақтөбеде жасанды ұрықтандыруға берілген 141 квота әлі игерілмеді
Фото: Kazinform/ЖИ

— Жасанды ұрықтандыру квотасында Ақтөбенің үлесі қандай?

— Еліміз бойынша жыл сайын 7 мың квота қарастырылса, Ақтөбеге 311-і бөлінеді. Қазіргі кезде 170 квота берілді. Квота алған отбасы МӘМС жүйесі арқылы жұмыс істейтін 19 ЭКҰ орталығының бірінің қызметіне жүгіне алады. Бүгінге дейін 141 квота игерілмей тұр. Алдағы екі айда бәрін де игеруіміз керек. Ол үшін ерлі-зайыпты өзі тіркелген емханаға барады. Емханада жасыл дәліз жүйесі енгізілген. Кезек күтпейді, алдын ала жазылу да қажет емес. Бірден тексеруден өтіп, Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығындағы комиссияға жіберіледі. Егер комиссия өтінішті қабылдаса, квота береді. Әйел де, ер адам да екі айда дайындалып, денсаулығын түзеп, қараша айында орталықтарға барады.

— Квота саны өзгеріп отыра ма?

— Ақтөбеге бөлінетін квота саны айтарлықтай өзгермейді. 2021 жылдан бастап әр жыл сайын 311-319 квота беріледі.

— Квота неге игерілмей жатыр?

— Бір отбасы шаруаларын реттеп, ем-домды күзге жоспарлауы мүмкін. Бұл дұрыс емес. Алдымен квота алып, үш айдың ішінде орталыққа жүгінсе болады. Мұны кейбірі білмеуі мүмкін. Әдетте жылдың осы мезгілінде квотаны игеру жұмысын аяқтайтын едік. Ал биыл жағдай басқаша болып тұр. Бір жағынан квотаның бөлінгеніне биыл алтыншы жыл. Алғашында 40-50 квота ғана бөлінген еді. Тіпті бес жолдама берілген кез де болды. Сол шақта кезек көп еді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғанда квота саны 300-ден асты.

— Экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының көмегіне жүгінетін отбасы денсаулығына тексеру жүргізіле ме?

— Иә іште талдау жүргізіледі. Ерлі-зайыптының екеуі де тексеріліп, жағдайды анықтаймыз. Тексеру кезінде 20-30 пайызы ер адамға, 20 пайызы ер мен әйелге, ал 50% тек әйел денсаулығына байланысты екені белгілі болды. Негізінен тең жартысы әйелдің үлесінде. Біріншіден, жатыр түтіктерінің өткізу қабілеті төмен болады немесе бітіп қалған. Бұл әйелдер арасындағы бедеулік себебінің 60-70 пайызын құрайды.

Екіншіден, эндокриндік фактор. Гормондар бұзылып, тепе-теңдік сақталмағаннан туындайды. Үшіншіден, түрлі гинекологиялық ауру. Оның ішінде эндометриоз бен жатыр миомасы ауруы да бар. Алдымен әйел де, ер адам да қосымша емді қабылдайды. Егер әйел бала көтере алмаса, жасанды ұрықтандыруға жолдама береміз. Ал егер ер адамдарға келер болсақ, спермограмма нәтижесінде өзгеріс байқалады.

Жасанды ұрықтандыру кезінде көбі әйелдің жасына, денсаулығына тікелей байланысты болады. Эмбрионның 35-40% жатырда орнығады. Тек 30% ғана сәби сүйе алады. Өңірдегі көрсеткіш осы. Көбіне жүктілік дамымай қалады немесе түсік болуы мүмкін. Себебі бедеуліктің өзі денсаулықтағы ақауды білдіреді. Жасанды жолмен ұрықтандыру жүргізілген кезде жатырдағы өзгерістің де әсері болады. Жүктілік кезінде түсік тастау көрсеткіші 10-17% болады.

Светлана Есенаманова
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— «Екінші бедеулік» деген де ұғым бар. Бір немесе екі баласы бар отбасы ұзақ жыл сәби сүйе алмауы мүмкін. Олар «Аңсаған сәби» бағдарламасының үміткері бола ала ма?

— Ақтөбе облысы 311 квота алса, соның 55% бірінші бедеулікке, қалғаны 45%, кейде тең жартысы «екінші бедеулік» диагнозы қойылған отбасына бұйырады. Бір рет жүкті болған әйел осы санатқа кіреді. Жатырдан тыс жүктілік болса да, жүктілігі түсікпен аяқталса да «екінші бедеулік» болып саналады. Мәселен бізде бірінші некеде екі бала сүйген әйел келді. Екінші рет тұрмысқа шыққан кезде қиындыққа тап болған. Себебі күйеуінің денсаулығы сыр берген. Комиссия шешімімен бұл отбасына квота бөлінді.

— Қала мен ауыл үлесі қандай?

— Қала ғана емес, ауылдан келіп, квота иеленетін отбасылар бар. Қалаға қарағанда ауылда адам саны аз ғой. Сондықтан квотаның үштен бірін ғана алып отыр.

— Квота үлесінде жас шектеуі бар ма?

— Нақты жас шектеуі жоқ. Алайда медициналық көрсеткішке сай 42 жасқа дейін ғана бөлінеді. Бұрын 7-12 жылдан бері балалы бола алмай жүрген 35-36 жастағы ерлі-зайыптыға басымдық берілді. Қазіргі кезде орташа жасы — 32-33 жас. Бірақ арасында 42 жасқа толғаны да, 25 жасқа жеткені де бар. Бедеулік диагнозы қалай қойылады? Тұрмыс құрған әйел бір жылда бала көтере алмаса, дәрігерге қаралуы тиіс. Егер ер адам вахталық әдіспен жұмыс істесе, міндетті түрде бір жарым жылдан кейін тексерілуі керек. Көбіне алдымен әйелдер жүгінеді, кейін тексеруге күйеуі де келеді. Ал жасанды ұрықтандыру квотасын алғанда міндетті түрде екеуі қол ұстасып жүруі тиіс. Себебі келісімшартқа екеуі де қол қояды. Егер әйел 35 жасқа дейін ана болуды жоспарламаса, 30-дан асқан соң аналық жасушаны мұздатып сақтауға болады. Бұл репродуктивтік мүмкіндікті сақтауға мүмкіндік береді. Алматы мен Астанада өте жақсы дамыған. Алайда Ақтөбеде адамдар мұның маңызын әлі де жете түсінбей келеді.

— Ақтөбеде жасанды ұрықтандыру жолымен өмірге келген балалардың алды нешеге толды?

— Қазір олардың көбі 8 жаста. Ақтөбеде бұл жұмысы 2017 жылдың көктемінде қолға алынды. Олардың қарапайым балалардан еш айырмашылығы жоқ. 

Айта кетелік Түркістан облысына биыл қанша квота бөлінгені туралы жазған едік