Ақтөбеде зираттарды қиратқан балалардың ата-аналары шығынды өтейді
Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында зиратқа барып, құлпытастарды сындырып, бүлдірген балалардың ата-аналары мен талап қоюшы бір келісімге келді. Айыпталушы тарап шығынды өтейтін болды, деп хабарлайды Kazinform.

Темір ауданының тұрғыны Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жүгініп, зиратты бүлдірген балалардың ата-аналарынан материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы талап арыз түсірді. Соттан ата-анасының бейітін бүлдіріп, дәлірек айтқанда құлпытасын сындырып, жан-жаққа шашып тастағандардың ісін қарауды сұрады.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін Темір аудандық соты кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарын әкімшілік жауапқа тартты. Төрт ата-ананың әрқайсысына 24 150 теңге айыппұл салынды.
Еске салсақ, ҚР Азаматтық кодекстің 925-бабының 1-бөлігіне сай жасы он төртке жетпеген кәмелетке толмағандар келтiрген зияны үшiн оның заңды өкілдері жауап бередi. Содан кейін Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жүгініп, қайта қалпына келтіру шығынын өтеу, заңгердің қызмет ақысын төлеу туралы талап арыз түсірді.
– Дауды медиция тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілді. Балалардың ата-аналары талап коюшының 572 700 теңгені құрайтын шығынын 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеуге міндетті. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ, – деп хабарлады Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.