Ақтөбедегі Дөң тау-кен байыту комбинатында үш жұмысшыны күйік шалып, ауруханаға түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Болашақ» шахтасының кен өндіру блогында қысқа мерзімді тұтану болды. Қазір күйік шалған жұмысшылар екеуі аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Ақтөбедегі Дөң тау-кен байыту комбинатында үш жұмысшыны күйік шалып, ауруханаға түсті
Фото: Kazinform

Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасындағы кен өндіру блогында электр жабдықтарын монтаждап жатқан үш кезекші электрослесарьды күйік шалды. 

— Қызметкерлердің беті мен білегін күйік шалды. Зардап шеккендер Хромтау қаласының орталық аудандық ауруханасына жедел жеткізілді. Оларға білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Кәсіпорын басшылығы дәрігерлер мен қызметкерлердің туыстарымен үнемі байланыста, — деп хабарлады «Қазхром» ТҰК» АҚ компаниясының баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде науқастардың екеуі аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. 

— 26 мамыр күні шамамен сағат 22:30–да «Болашақ» шахтасында сутегі газының шығуы болды. Салдарынан үш адам түрлі дәрежедегі күйік алып, жедел жәрдем бригадасымен Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Екі науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Үшінші науқас травматология бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Науқастар қажетті емді алып жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, былтыр Ақтөбе облысы Хромтау ауданында орналасқан Дөң кен-байыту комбинатында жүк көлігі аударылды. Оқиға орнында екі жұмысшы көз жұмды.  

Соңғы жаңалықтар