Дөң кен-байыту комбинатында көлік аударылып, екі жұмысшы көз жұмды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Хромтау ауданында орналасқан Дөң кен-байыту комбинатында жүк көлігі аударылды. Оқиға орнында екі жұмысшы көз жұмды.
Жұмысшылардың өліміне қатысты іс бойынша енді тергеу жүргізіледі.
– «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатындағы жол-көлік оқиғасы салдарынан кәсіпорынның екі қызметкері жарақаттанып, көз жұмды. Оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланды. Оқыс оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. «Қазхром» ТҰК» АҚ ұжымы марқұм болған қызметкерлердің туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Компания марқұмдардың отбасына қажетті көмек көрсетеді, - деп хабарлады «Қазхром» ТҰК» АҚ Корпоративтік коммуникация қызметі.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекция басқармасының басшысы Жандос Әлімовтің айтуынша, кәсіпорын бір тәулік ішінде хабар беруі тиіс. Әзірге еңбек инспекциясы ақпаратты естігенімен, ресми хабарлама алмаған.
Еске салсақ, осыдан үш жыл бұрын Дөң кен-байыту комбинатында жарылыс болып, бір адам көз жұмды.