Ақтөбедегі өңіраралық патрульдеу кезінде 500-ден астам заңбұзушылық анықталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Астана мен Қарағанды қалаларынан қосымша күш келді. Жолдағы қауіпсіздікті бақылау кезінде транзиттік көлік те айып тұрағына қойылды.

Ақтөбедегі өңіраралық патрульдеу кезінде 500-ден астам бұзушылық анықталды
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Полиция 17–25 мамыр аралығында «Қауіпсіз жол» республикалық іс-шарасын өткізеді. Сол үшін Ақтөбеге Астана мен Қарағандыдан патруль келді. Өңіраралық патрульдеу кезінде жолдағы қауіпсіздік назарда болады.

Ақтөбедегі өңіраралық патрульдеу кезінде 500-ден астам бұзушылық анықталды
Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

— Ауқымды рейдтік іс-шара бұған дейін еліміздің өзге өңірлерінде де нәтижелі өткізілген. Іс-шараның алғашқы күнінде 500-ден астам бұзушылық анықталды. Оның ішінде 8 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған, 60 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, 18 жүргізушінің жүргізуші куәлігі болмаған. Сонымен бірге 6 жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өткен, ал 24 жүргізуші көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланған. Мамандандырылған айып тұрағына 50 көлік құралы қойылды, оның 12-сі транзиттік мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген автокөлік, — деді Ақтөбе облысы ПД ӘПБ бастығы Еркін Өтеген.

Айта кетейік, мамыр айының 11-де Түркістанға 4 өңірден патрульдік полиция қызметкерлері көмекке барды.