Түркістанға 4 өңірден патрульдік полиция қызметкерлері көмекке келді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — 15 мамырда Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Соңғы күндері Түркістан көшелерінде полиция экипаждары көбейген. Мұны әлеуметтік желілерде тараған видеолардан да байқауға болады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне байланысты қоғамдық қауіпсіздік шаралары мен жол қозғалысын бақылау күшейтілген.
Осы мақсатта Шымкент қаласы мен Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан патрульдік полиция қызметкерлері арнайы шақыртылған.
— Қазіргі таңда полицейлер қалада қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол ережелерінің сақталуын бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр, — делінген ресми хабарламада.
Тәртіп сақшылары тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға және полиция қызметкерлерінің талаптарына түсіністікпен қарауға шақырды.
Бұдан бұрын халықаралық іс-шараларға байланысты қала аумағында 6-15 мамыр аралығында дрон ұшыруға уақытша шектеу қойылғанын жазған едік.