Түркістанда дрон ұшыруға уақытша тыйым салынды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қалада халықаралық іс-шараларға байланысты дрон пайдалануға уақытша шектеу қойылды. Бұл шара қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

дрон
Фото: pexels

15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті өтеді. Осыған орай 6-15 мамыр аралығында қала аумағында дрон ұшыруға шектеу енгізілді.

— Қала аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарын уәкілетті органдардың рұқсатынсыз пайдалануға қатаң тыйым салынады, — делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ ведомство өкілдері дрондарды заңсыз қолдану әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Талаптарды бұзған тұлғаларға айыппұл салынып, ұшқышсыз ұшу аппараты тәркіленуі мүмкін.

Бұдан бұрын Түркі елдері Түркістан саммиті алдында интеграцияны күшейтуге назар аударғанын жазған едік.