Ақтөбеден келген қарақшы Оралда қолға түсті
ОРАЛ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - 9 тамыз күні таңертең Оралда 31 жасар әйелге қарақшылық шабуыл жасалды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, белгісіз жас жігіт оны пышақпен қорқытып, ашық түрде ішінде құжаттары мен 17,8 мың теңге ақшасы болған сөмкесін ұрлап кеткен. Әйел дереу түрде полиция қызметкерлеріне хабарласқан. «КМС» күзет қызметінің, «Үкі-4» түнгі іздестіру тобының және Орал қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері оқиға ізін суытпай, Ақтөбе қаласының 22 жасар тұрғынын құрықтады. Қарақшыны құрықтау кезінде одан жәбірленуші әйелдің сөмкесі тәркіленді. Сондай-ақ Орал қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері қарақшының 9 тамыз күні түнде ұрлық жасағанын мойындатты. Ол Гагарин көшесіндегі үйдің ауласында тұрған «Мазда» автокөлігінің терезесін сындырып кіріп, 50 мың теңге ақша ұрлаған. Ұсталған жігіт 5 тамыз күні №22 мектептің жанында қарақшылық жасағанын мойындады, яғни, ол сол күні кеште кішкентай қыздың ұялы телефонын ашық түрде ұрлап кеткен. Тәртіп сақшылары ұрланған құжаттар, ақша мен ұялы телефонды тәркіледі.
12 тамыз күні сағат 17.00-де Әбілхайыр хан даңғылы бойындағы үйлердің бірінен «БВМ-518» автокөлігін айдап әкеткен. Жәбірленуші автокөлігінің ұрланғанын білген сәтте дереу полиция қызметкерлеріне қоңырау шалған. ІІД жедел басқару орталығының қызметкерлері ұрланған автокөліктің қозғалыс орнын анықтап, Орал қалалық ІІБ жедел-тергеу тобының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ұрыны қолға түсірді. Көлік иесіне қайтарылды.
Сол күні сағат 19.30 шамасында белгісіз біреулер Чехов көшесінің бойындағы үйдің қасында күш қолданып, «Фольксваген-Пассат» автокөлігіне 28 жасар жігітті отырғызып, оған дене жарақатын салған. Жәбірленуші «бас сүйегінің жабық жарақаты, миынан зақым алу және бетінің көптеген қанды ісігі бар» диагнозымен облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөліміне жатқызылды. Оқиға ізін суытпай, қолданылған шаралар барысында ҚР ІІМ БҚО бойынша арнайы күзет басқармасының және Орал қалалық ішкі істер басқармасы жедел-тергеу тобының қызметкерлері 37 жасар, 27 жасар және 22 жастағы ер адамдарды және 1980 жылы туған әйелді анықтап, қолға түсірді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 327-бабына сәйкес (озбырлық) қылмыстық іс қозғау туралы қаулы қабылдануда.
Полиция қызметкерлері мекемелерге, дүкендерге кіріп, ұрлық жасаған 46 жасар ер адамды ұстады. Яғни, 1 тамыз күні белгісіз ер адам полиция қызметкерлеріне «Мужские костюмы» дүкенінде құжаттары және 20 мың теңге сомасында ақшасы болған барсеткасының ұрланғаны жөнінде хабарлады. Дәл осы күні «Қазпоштада» 38 жасар әйелдің тоналғаны, 7 тамыз күні екінші емханада жәбірленушінің сөмкесінен екі мың жарым теңге ақшаның қолды болғаны белгілі болды. Ұсталған азаматтың іс жүзінде әкімшілік қадағалауда тұрғаны және есірткі заттарын қолданумен айналысатыны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті Орал қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оның осыған дейін басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде.