Ақтөбелік аяқдопшылар Кишиневтің «Рапидімен» 0:0 болып тарқасты
АЛМАТЫ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - 19 қаңтар күні Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақтөбе» футбол командасы Молдованың Кишинев қаласының "Рапид" командасымен спаррингтік кездесу өткізді.
Бастапқы кезде жұмаға жоспарланған бұл ойын, ауа райының қолайсыздығына байланысты сенбіге қалдырылған еді. Онда ешбір команда қарсыластар қақпасынан саңылау таба алмай, есеп 0:0 күйінде өзгеріссіз қалды.
Енді ақтөбеліктер дүйсенбі күні бұл жиындағы ақтық кездесуін Баку қаласының "Нефтчи" командасымен өткізбек.
Әзірбайжан Премьер-лигасында өнер көрсететін Беюкага Гаджиев жаттықтыратын бакуліктер 2011/2012 жылғы маусымда ел чемпионы атанған болатын. 2008 жылы Интертото кубогынын финалисі атанған "Нефтчи" Әзірбайжан чемпионатында соңғы 22 жылда 8 дүркін чемпион, 3 рет күміс, 5 рет қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ бес рет Әзірбайжан кубогын және 2006 жылы ТМД және Балтық елдерінің "Достастық" кубогын иеленіп, 2005 жылы финалист болды.