Ақтөбелік футболшылар Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында Исландия чемпионын ойсырата ұтты
АЛМАТЫ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақтөбелік футболшылар сырт алаңда өткізген Чемпиондар лигасының іріктеу турниріндегі алғашқы ойынында Исландия чемпионы «Хабнарфьордюр» командасын 4:0 есебімен ойсырата ұтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Владимир Муханов жаттықтыратын қазақстандық аяқ доп шеберлері Қазақстан мен Исландия футбол клубтары арасындағы алғашқы кездесуде ірі есеппен жеңіске жетті. Хабнарфьордур қаласында өткен бұл ойында Қазақстан чемпионы қарсыластар қақпасына 4 допты да ойынның екінші жартысында енгізді. Алдымен кездесудің 48-ші минутында Мұрат Тілешов көзге түсті. Одан кейін 57 және 85 минуттарда Константин Головской 2 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Ал 70-ші минутта Марат Хайруллин есепті тағы да ұлғайтты. Хеймир Гудьонсон баптайтын исландиялықтар енді шілденің 22-сі күні Ақтөбеде қарымта кездесуде өз бағын тағы сынап көрмек.
Жалпы 1929 жылы қазанның 14-інде құрылған Хафнарфьордур қаласының бұл командасы 4 дүркін Исландия чемпионы (2004, 2005, 2006, 2008) атанды. Исландия кубогының 2007 жылғы иегері. Олар Лига кубогының 4 дүркін (2002, 2004, 2006, 2007), Суперкубогтың 3 дүркін ( 2004, 2006, 2007) жеңімпазы атанған хафнарьфьордурлықтар бұл маусымда да ел біріншілігінде көш бастап келе жатыр (8 турдың қорытындысы бойынша). Ал 1967 жылы негізі қаланған «Ақтөбе» футбол командасы болса, Қазақстан чемпионатының 3 дүркін ( 2005, 2007, 2008) чемпионы және 2008 жылғы Қазақстан кубогы мен Қазақстан Суперкубогының иегері. Олар бұл маусымда да ел біріншілігінде 14 турдың қорытындысы бойынша көшбасшы болып отыр.