Ақтөбеліктермен тең ойнаған «Ақжайық» бірінші лигада топ бастады
ОРАЛ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойынын сырт алаңда «Ақтөбе-Жаспен» өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдықтар екінші таймда бірінші болып есеп ашты. Команданың мерген шабуылшысы Алексей Мальцев тағы да көзге түсіп, биылғы маусымдағы қарсыластар қақпасына соққан доп санын беске жеткізді. Ойынның соңғы минутында ақтөбеліктер есепті теңестіріп кетті.
Осыған дейін «Ақжайықпен» бірдей ұпай жинаған Алматының «Қайраты» бұл турға қатысқан жоқ. Сөйтіп 13 ұпаймен көш бастаған оралдықтар келесі ойынын мамырдың 27-сінде Ақтауда жергілікті «Каспиймен» өткізеді.