Ақтөбелік еріктілер ауруханада ем алып жатқан балаларға сый жасады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Еріктілер 100 ем алушыны құттықтап барды. Аяз Ата мен Ақшақар сыйлық таратты.
Ақтөбе облысының волонтерлер кеңесі «Ерекше Жаңа жыл» апталығын өткізді. Еріктілер алдымен мүгедектігі бар балаларды, көпбалалы отбасыларды құттықтап барды. Сонымен бірге ертеңгілік ұйымдастырып, аниматорлар кішкентай ақтөбеліктерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
– Іс-шара жоғары деңгейде өтті. 2019 жылдан бері ұйымдастырып келеміз. Биыл 380 бала қамтылды. Оның 100-ін бүгін құттықтап бардық. Бәрі Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ем алып жатыр. Қуанып, көзіне жас алды. Олар Жаңа жылды ауруханада қарсы алады. Жанында ата-аналары да бар. Біздің мақсатымыз – балаларға қуаныш сыйлау. Ешкім назардан тыс қалмайды, - деді Ақтөбе облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Жалғасбаев.

Айта кетейік, «Мейірімді Қазақстан» әлеуметтік акциясына 10 мыңға жуық адам қатысты. Бұл бастама қоғамдағы қолдау мәдениетін нығайтуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және жастарды игі істерге тартуға бағытталды.