Ақтөбелік оқушылар Димаш Құдайбергеннің жанкүйерін сән-салтанатпен қарсы алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Димаш Құдайберген және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті?» атты кітабының авторы Эстер Ульмани Ақтөбеге келді. Әншінің швейцариялық жанкүйерін ұстаздары мен мектеп оқушылары күтіп алды.
Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясы бүгін Эстер Ульманиді күтіп алды. Мектептегі жазғы лагерьде тәрбиеленіп жатқан балалар «Тау ішінде» әніне билеп, таңғы жаттығуын жасады. Кейін швейцариялық мейман мектеп мұражайына кіріп, білім ордасының тынысымен танысты. Мұнда Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге арналған арнайы бұрыш бар. Онда фотосуреттері, әншінің оқушы кезіндегі сынып журналы мен жанкүйерлер сыйға тартқан кәдесыйлар сақтаулы.
- Эстер Ульмани «Димаш Құдайберген және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті?» кітабын сыйға берді. Кітаптың тұсаукесері Астана қаласында болды. Эстер ханым бұл кітапта Қазақстан, Димаш туралы естеліктерін жиған. Елімізге, Димашқа деген құрметі үшін алғыс айтамыз. Бұл мектеп еліміз бойынша ең алғаш ашылған гимназия. Есігіміз әрдайын ашық,- деді әншінің алғашқы ұстазы Клара Қажғалиева.
Швейцариядан келген Эстер Ульмани қазақша сөйлейді. Ол қазақ жеріне, күтіп алған ұстаздары мен оқушыларға алғысын айтты.
- Димашның әнін мен алғашқы кезде YouTube-тан естідім. Бұл 2020 жыл еді. Ал 2022 жылы Алматы қаласындағы концертін тамашалауға келдім. Мен әншінің туған жеріне, Ақтөбеге келуді армандаған едім. Сол арманым бүгін орындалды. Бір ғана тілегім бар. Әлемде бейбітшілік болсын! Әлемдегі азап пен қайғы тоқтасын! Құдыретті күшті Жаратқан ие, баршамызға жол көрсетіп, қорғап жүрсін,- деді Эстер Ульмани.
Әншінің жанкүйерімен кездесуге «Махаббат бер маған» әнінің авторы Орал-Қосай Байсеңгір мен №32 мектеп-гизимназиясының ұстаздары жиналды. Мұнда барлығы 100-ден астам педагог бар. Ал бала саны 1400-ден асады. Мектеп ұжымы 2017 жылдан бері әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлеріне құрмет көрсетіп келеді. Ақтөбеге әлемнің әр түкпірінен келетін жанкүйерлер міндетті түрде ол оқыған мектепке барып, партасына отырады. Биыл Түркия елінен де тыңдаушылары келді.
Айта кетейік, Димаштың Нью-Йорктегі тарихи концерті жайлы деректі фильмі көрерменге жол тартады.
Димаш Құдайбергеннің латынамерикалық жанкүйерлері таяуда алты елдің өнерпаз жанкүйерлерін біріктірген «Omir» атты халықаралық шығармашылық жобаны ұсынды.