Атадан қалған өнерді қайта жаңғыртқан ақтөбелік шебер сыбызғы жасап жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бақытхан Сейітқали біраз жыл бойы сауда жасап, табыс тапты. Бүгінде ұлттық өнерді қолға алған. Ол қарағай, шырша, қайың сияқты бірнеше ағаш түрінен үш, төрт, алты және жеті ойықты сыбызғы жасайды.
Ақтөбе облысы Алға қаласының тұрғыны Бақытхан Сейітқали — бірнеше жыл бұрын Моңғолиядан қоныс аударған қандас. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғанымен, нарық оны сауда саласына ығыстырды. Жылдар бойы бала-шағасының қамын ойлап, табыс тапты. Ал егде шағында өзінің сүйікті ісін қайта қолға алды. Қазір Бақытхан Сейітқали өзі тұратын қаладан ағаш жинап, сыбызғы жасайды. Шикізат жеткілікті, алысқа ұзамайды.
— Өзім 18 жасымнан бастап сыбызғы тарта аламын. Ал сыбызғы жасауды әкемнен, атамнан үйрендім. Жанында жүріп, бәрін меңгеріп алғанмын. Арада ондаған жылдар өткен соң қайта жаңғыртқым келді. Өзім көшеде, үй арасында жүргенде кесілген бұтаның жарамдысын қарап, таңдап аламын. Кейін оны үйге әкеліп кептіремін. Шебер ағашты таңдай білуге тиіс. Өзім өзегі, бұтағы жоқ ағашты таңдап алып, бір айға жуық кептіріп қоямын. Егер таңдап алған ағаштың өзегі болса пайдаға аспайды. Ол уақыт өте келе шіріп кетеді. Содан кейін арнайы құрал-сайман арқылы қақ жарып, ортасын ойып аламын. Қалыңдығы 3 мм ғана болуға тиіс. Ойық саны нотаға қарай жасалады. Нотаға сай жасалмаса, дыбысы шықпайды, — дейді Бақытхан Сейітқали.
Шебердің айтуынша, бұрын сыбызғы қамыстан жасалған. Ал қазір қамыс сыбызғыға сұраныс жоқ, ағаштан жасалған аспапқа қызығатындар көп екен. Бақытхан Сейітқали сауданы әлеуметтік желі арқылы жасайды. Бағасы — 45 мың теңге.
— Жастарға үйретуді армандаймын. Ұлттық құндылықты дәріптеп, сыбызғы аспабын көпшілік арасында танымал еткім келеді. Қазір бұл аспапқа көбіне өнер саласының мамандары қызығады. Ал нағыз сыбызғы шебері аз. Алматыда бар екенін білемін. Менің ұтқан тұсым — дәстүрлі әдіс. Ағаштан ойып әзірлеймін. Қарағай, шырша, қайың ағаштарын пайдаланамын. Үш, төрт, алты және жеті ойықты сыбызғы жасаймын. Бұрын сыбызғы ағашы қисайып кетпеуі үшін ата-бабамыз өңешпен, ащы ішекпен қаптаған. Сол кезде қисаймайды, ағашы жарылып кетпейді. Әрі үрлеген кезде дымқыл тартып, негізі бүлінбеуге жақсы. Сыбызғының құдіреті — ән де, күй де ойнайды, қара өлеңді нақышына келтіреді, табиғаттың әуезін құлаққа әкеледі, — дейді Бақытхан Сейітқали.
Шебер сыбызғы жасап қана қоймай, жастарға аспапта ойнауды үйретеді. Кейбірі бірер сабақта меңгеріп алса, кейбіріне бір айға жуық уақыт қажет.
Еске салайық, бұған дейін ақтөбелік шебер Айнагүл Әлиева туралы жазған едік. Ол әжесінен көргенін ойға түйіп, бойына дарытты. Қазір шебер қолынан шыққан дүниені көрсетіп, ел ішіндегі көрмелерге қатысып жүр.