Ақтоғай мен Қопада бірнеше нысан жаңарды — KAZ Minerals маңызды межені орындады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Ақтоғай кентінде 800 орындық жаңа стадион ашылып, Қопа ауылындағы орталық стадион жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді. Сонымен қатар екі елді мекенде мектептер, қазандықтар, балалар ойын және спорт алаңдары жаңартылды. Мұның барлығы KAZ Minerals Тобының қолдауымен іске асырылып отыр.
Ақтоғай мен Қопадағы жұмыстар елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ жарықтандыру жүйесі мен бейнебақылау камералары қойылды. Нәтижесінде спорт жаттығулары мен жарыстарды кешкі уақытта да өткізуге мүмкіндік бар.
Екі елді мекенде де балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңдары және көше гимнастикасы аймақтары жабдықталды. Бұдан бөлек, Қопа ауылының кіреберісіне стела орнатылып, киіз үй тұрғызылды.
— Өндірісті дамыту өз алдында, одан бөлек Ақтоғай мен Қопа тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін үнемі назарда ұстаймыз. Әрбір жобаның артында балалардың жайлы ортада болуы, оқушылардың қолайлы жағдайда спортпен шұғылдануы, тұрғындардың демалып, отбасымен уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін орындардың қалыптасуы сияқты маңызды міндеттер тұр. Тұрғындар осы жүзеге асырылған жобалардың нәтижесін күнделікті тұрмыста көрулері керек», — дейді «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрайымы Айжан Балабатырова.
Қопа ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің ескі қазандығы заманауи модульдік қазандыққа ауыстырылып, көмір сақтайтын жабық қойма салынды. Мектептің спорт залы күрделі жөндеуден өтіп, киім ауыстыратын бөлмелер мен душ кабиналары жабдықталды.
Ал Ақтоғайдағы 450 оқушы білім алатын орта мектептің қазандығы толығымен жаңартылды. Сонымен қатар № 8 жалпы білім беретін мектептің ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумағы абаттандырылды.
Ақтоғайдағы 52 балаға арналған № 3 балабақша да жаңа кейіпке енді. Мұнда терезелер мен еден жабындары ауыстырылып, желдету жүйесі орнатылды. Ғимараттың қасбеті қапталып, ойын бөлмесіне жылы еден төселді.
Балабақшадағы өзгерістерді мекеме тәрбиеленушілерінің ата-аналары да оң бағалап отыр.
— Менің үш балам бар. Бұрын қыс мезгілінде балам ауырып қалмай ма деп алаңдайтынмын. Кейде жұмыстан сұранып, оларды үйде қалдыруға тура келетін. Қазір балабақшада жаңа терезелер мен желдеткіш жүйесі орнатылып, ойын бөлмесіне жылы еден төселді. Таңертең ұлымды жарық әрі жайлы топқа алаңсыз апарып, кешке көңілім тыныш алып қайтамын. Кез келген ана үшін баласының қауіпсіз әрі қолайлы ортада болғаны маңызды», — деді Ақтоғай тұрғыны Айжан Тоқтасын.
Осылайша KAZ Minerals Тобы Ақтоғай мен Қопаның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және балалардың білім алуы мен спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға сеп болып отыр.