Ақтоғай ТБК-де екінші байыту фабрикасы салынады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Ақтоғай тау-кен байыту кешенінде өндіріс аясын кеңейту жобасы бекітілді. 1,2 миллиард доллар мөлшерінде инвестиция құйылуы тиіс жоба бойынша 2021 жылдан бастап сульфид рудасын өңдеу көлемі екі есе артады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«KAZMinerals» берген ресми ақпаратқа қарағанда, Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай ТБК-де өңдеу қуатын арттыру бұрыннан жоспарланып келеді. Тартылатын капитал мөлшері Бозшакөл мен Ақтоғай ақша қаражаттарының тұрақты қозғалысы арқылы қамтамасыз етіледі. Тағы бір байыту фабрикасының салынуы сульфид рудасын өңдеу қуатын 25-тен 50 млн тоннаға дейін арттыру мүмкіндігін береді.
Бұдан тыс, өңдеу көлемінің артуына байланысты сульфид рудасын өңдеу мерзімі 50 жылдан 28 жылға дейін қысқарады.
Компания басқарма төрағасы Олег Новачуктың айтуынша, бұл жоба инвестиция негізінде тағы бір сульфид фабрикасын салу арқылы қомақты табыс алу мүмкіндігін береді. «Мыстың болжамы ұнамды күйінде қалуда және осылай даму сұраныс жоғары нарық жағдайларында біздің өркендеуімізге көмектеседі», - деді ол.