Ақтоғайда ашылған стадионда 92 жастағы қарт жүгіріп өтті - Павлодар облысы

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақтоғай ауданында жаңа спорт стадионы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтоғайда ашылған стадионда 92 жастағы қарт жүгіріп өтті - Павлодар облысы

Ақтоғау аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, бұл күні жаңа стадионда «Сау бол, жүз жаса!» атты ұранмен денсаулық фестивалі өтті.
Денсаулық фестивалі аясында жаңа алаңда жалпы жаттығу, сондай-ақ жас топтары бойынша жеңіл атлетикалық жүгіру өткізілді. Жеңіл атлетика бойынша жарыстан ең үлкен қатысушы 92 жастағы Али Альмяшев болды.
- Кішкентай кезімнен спортпен шұғылданамын. Қыста қатты аязда шаңғымен 50 шақырым жүріп өтемін. Әлі күнге дейін қыс мезгілінде жұқа киіммен жүгіремін. Спорт денсаулығымды нығайтады. Сондықтан спортпен айналысыңыздар деп айтқым келеді, - дейді Али Альмяшев.

Жаңа стадионның аумағы - 6000 шаршы метр. Трибуналар орнатылып, жасанды көгал төселген, 2 мың шаршы метр тартан жабындысы бар жүгіру жолы салынған, жарықтандыру жүргізіліп, қоршаулар орнатылған.​ Сонымен қатар, стадион аумағында жағажай футболы мен жағажай волейболына арналған алаңдар бар.

- Бүгінде ауданда барлық тұрғындарға спортпен айналысу қолжетімді болу үшін барлық жағдай жасалуда. Біздің бірлескен күш-жігеріміз міндетті түрде лайықты нәтиже беретініне сенемін, - деді Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов.

Ақтоғай ауданы өзінің спорт тарихын және оның даңқты дәстүрлерін мақтан тұтады. Өңірде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген атақты чемпиондар мен рекордшылар аз емес. Олар - Виктор Макеев, Дархан Жоламанов, Сұңғат Қайыртаев, Ғабидолла Сағындықов және басқалар.
- Біз ауданымызда жаңа стадионның ашылғанына өте қуаныштымыз, өйткені бұрын ауылда тек шағын футбол алаңдары болған. Ақтоғайда жаңа технологиялар бойынша салынған стадионның пайда болуымен спортпен айналысатын адамдардың саны артады деген ойдамыз, - деп атап өтті жастар өкілі.

Ауыл тұрғындары «Денсаулық бұрышында» дәрігерлерден денсаулықты сақтау және нығайту, қан қысымын, қандағы қант деңгейін өлшеу және т.б. кеңес ала алып, Covid-19-ға қарсы вакцина алу мүмкіндігі болды.
Ақтоғай ауданы оқушыларының командалары арасында алғашқы жолдастық матч ұйымдастырылды.