Ақтоғайда «Айтыстың Қара нары» атанған ақынның мерейтойы аталып өтті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі», «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы», «Айтыстың Қара нары» атанған Бейсенбі Мұқажанұлының 70 жасқа толуына орай «Елім деп соққан жүрегі» атты шығармашылық кеші өтті , деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ақтоғайда «Айтыстың Қара нары» атанған ақынның мерейтойы аталып өтті

Ақынның шығармашылық кешінің ашылу салтанатында Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Ағыбай Әмірин аймақ басшысы Болат Бақауовтың арнайы құттықтауын жеткізіп, ақын иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің, Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновтың, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы директорының құттықтаулары мен сый-сияпаттары табыс етілді.

«Бейсенбі Мұқажанов колхоздың қойын бағудан бастаған еңбек жолы бойына біткен өнер мен ерекше қабілеттің арқасында шығармашылыққа ауысып, қырық жылға жуық уақыт мәдениет саласында еңбек етті», - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінде. «Отыз жеті мүшел жасында алғаш жыр додасына шығып, жеңімпаз атанған ақынның жеңісті жолы еліміздің әр өңірінде өткен республикалық, халықаралық ақындар айтысында да өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, алдыңғы аға буын Естай мен Қимадиденнің ұйқасты сөз өнерін сабақтап, еліміздің Семей, Көкшетау, Петропавл, Тараз, Алматы, Ақтау, Ақмола, Павлодар қалаларында, сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясының Омбы облысында өткен республикалық жыр додаларында өңіріміздің намысын абыроймен қорғады. Сол айтыстарда өзінің суырып салма ақындығы, орындаушылық шеберлігімен танылып, халықтың ыстық ықыласына бөленді, «Айтыстың қара нары» атанды. Бойына біткен ақындық өнерді келер ұрпаққа үйрету мақсатында аудан көлемінде қабілетті жастарды іздеп тауып, «Жас ақындар» мектебін ұйымдастырған. Бейсенбі Мұқажанов еліміз егемендік алған 1991 жылдан бастап күні бүгінге дейін аудандық мәдениет үйінде нұсқаушы болып қызмет істейді. Аудан, облыс көлемінде өтетін бұқаралық-мәдени іс-шараларға, өңірдің қоғамдық өміріне белсене қатысады. Еңбек жолындағы жетістіктері ескеріліп, аудан, облыс, республика деңгейінде түрлі марапаттарға да ие болды. Бүгінгі күні ол «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.