Ақтоты Райымқұлова Алматыдағы «Музейлер шеруін» тамашалады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматыда өтіп жатқан «Музейлер шеруі» акциясын тамашалап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр Орталық мемлекеттік музей мен Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде болды. Олардың әрқайсысы келген меймандарға өз бағдарламаларын ұсынады. Мәселен, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі «Ою-өрнектер сөйлейді» акциясын өткізіп, шара барысында келушілер белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені, экспозициялық залдар бойынша шолу және тақырыптық экскурсияларды тамашалап, қазақтың бұрындары тұрмыста, қару-жарақта, музыкалық аспаптарда, костюмдерде қолданған ерекше артефактілермен танысты. Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бойынша квест-ойындардан өтіп, қолөнер саласындағы шеберлік сабақтарға қатысты.

Ал Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ұсынған шығармашылық акциясының атауы – «Қазақстандық өнердің қазынасы» деп аталды. Ол Халықаралық музейлер күнін жыл сайын тойлауды ұнататын алматылықтар үшін ашық есік форматында өтті.
Мұнда белгілі қазақстандық мүсінші Сәкен Нарыновтың мүсінінің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Музей залдары бойынша тегін тақырыптық экскурсиялар өткізіліп, қазақстандық суретшілердің шығармашылығы туралы фильмдер көрсетілді. Би және музыкалық ұжымдардың өнері көпке ұсынылып, шығармашылық шеберлік сағаттары да ұмыт қалған жоқ.

Жобаның мақсаты - музейдің аудиториясын кеңейту, келушілермен қарым-қатынас орнатудың жаңа тәсілдерін енгізу, мұражайларды мәдени демалыс орны ретінде танымал ету, халықтың қалың көпшілігінің ұлттық мәдени мұрасын таныстыру болып отыр.
«Қазір музейлер жаңа форматтарды іздестіру үстінде. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын мамыр айында өткізілетін «Музейдегі түн» халықаралық акциясы біздің елімізде де кең ауқымда ұйымдастырылады. Міне, осындай сәтті формат та өмір сүруге лайық, дамуға қақы бар. Сондықтан бүгінгі акция «Музейлер шеруі» деп аталады. Қазір бұл формат қаншалықты қызықты екенін түсінгіміз келеді. Мен осы жерге арнайы келіп, біздің тамаша мұраларымыз халық үшін қолжетімді болуы үшін не істеуіміз керек екенін көріп, көп үрдісті түсініп отырмын», - деді Ақтоты Райымқұлова.


Министр өз сөзінде қоры бай болғандықтан, музейлерге кіру, танысу қолжетімді болу керек екенін атап өтті.
«Мұндай акциялар кестеге сәйкес әр өңірдің немесе қаланың мұражайларында ай сайын төртінші жұмада өткізіледі. Әр өңірде немесе қаланың әкімдігі кесте жасайды. Бұл эстафета сияқты. Бүгін түнде шеру Алматыда өтсе, келесі айда Қызылордада облыстық «Ақмешіт» тарихи-өлкетану мұражайының филиалында ұйымдастырылады», - деді ведомство басшысы.
Ақтоты Райымқұлова қазіргі заманның даму әдістерін қосып, жастарды қызықтыру керектігін айтты. Әр музейдің өзінің бірегей тарихы бар. Сонымен бірге, министр аталмыш жоба аясында түні бойы жұмыс жүргізетін музей қызмкеткерлері туралы да сөз қозғады.

«Бәрі де заң аясында жұмыс істеп жатыр. Музей қызметкерлері бекітілген кестеге сәйкес еңбек етеді. Кейін оларға тиісті демалыс беру мен көтермелеу тетіктері қарастырылған. Яғни, олардың құқығы шектеліп жатқан жоқ», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Еске сала кетсек, елімізде «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция 30 тамызда басталған болатын. Аталмыш шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында қолға алынып отыр. Акцияға республикалық және аймақтық музейлер қатысады. «Музейлер шеруі» акциясы арқылы мәдениет ұйымдары ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.

