Актриса Мэрилин Монроның әлемдегі ең үлкен ескерткіші Калифорниядан Нью-Джерсиге көшірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атақты Голливуд актрисасы Мэрилин Монроның әлемдегі ең үлкен ескерткіші Калифорниядан Нью-Джерсиге көшірілді.
Дүйсенбі күні KTLL арнасы хабарлағандай, Палм-Спрингс қаласының тұрғындары 8 метрлік "Мэрилин мәңгілік" пластикалық мүсінінің көшірілуін әр түрлі қабылдады: Сьюард Джонсонның жұмысын жақтырмағандар қуанса, енді біреулері туристерді қызықтырған ескерткіштің көшірілгеніне реніштерін білдірді.
Актрисаның өнеріне табынушылар 17 тонналық мүсінді енді Джонсон жұмыстарының көрмесінде тамашалай алады.
Ескерткіш 2011 жылы Чикагода ашылған. Сарапшылардың пікірінше, көрмеден кейін ол шетелге, туындыға ерекше қызығушылық танытқан бірқатар елдің астанасына, соның ішінде Мадрид пен Токиоға жіберілуі мүмкін.