Ақтүтек боранға байланысты Ақмола облысында үш автожол бес күннен бері жабық
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - «Қазавтожол» РМК Ақмола облысында ақтүтек боранның салдарынан 8 наурыз күні жабылған жекелеген республикалық жолдарда қозғалыс әлі де жанданбағандығын ескертеді.
Мәселен, 8 наурыз сағат 01.15 бастап «Астана-Петропавл» а/ж 18-252 шақырымы, Астана қаласы-Щучинск аралығы;
сағат 08.50 бастап «Щучинск-Зеренді» а/ж 0-80 шақырымы аралығы;
сағат 09.30 бастап «Астана-Петропавл» а/ж 231-293 шақырымы, Щучинск-Көкшетау аралығы жабық.
Сондай-ақ «Қазавтожолдың» мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіндерінің жүруіне байланысты көліктің барлық түрлері үшін 7 наурыз сағат 22.30 бастап «Өскемен-Зырян-Рахман қайнарлары» 422-450 шақырымы, Берель-Рахман қайнарлары аралығында жол қозғалысына шектеу қойылды.
Аталған жолдарда автокөліктердің үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақавтожол» РМК-ның ЖПБ (Жол пайдалану бөлімшесі) арнайы қар тазалау техникалары кезекшілікке шықты.
«Қазақавтожол» РМК-да автомобиль жолдарының жабылған учаскелері жөнінде халықты хабардар ету үшін тәулік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді: Астана қаласында 8 (7172) 444-777 телефоны арқылы мәлімет алуға болады.