Ақұштап Бақтыгереева астаналық жырсүйер қауыммен жүздесті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кешті ашқан кітапхана директоры, жазушы Рақымжан Отарбаев ақын Ақұштаптың өршіл поэзиясы туралы айта келіп, оның шығармаларын өз аузынан тыңдауға астаналық жырсүйер қауым да ерекше ықылас білдіргенін, соған орай осындай кездесу өтіп отырғанын жеткізді.
Айтулы ақындар Фариза Оңғарсынова, Серік Тұрғынбек еліміздің батысында жүрсе де, асқақ даусымен қазақ еліне ортақ мәселелерді жиі көтеріп жүргенін, ақиқатты тура айта білуімен ерекшеленетінін атап өтті.
Жазушы Қойшығара Салғараұлы өз сөзінде Фариза мен Ақұштап қазақ поэзиясына өзіндік жаңа леп алып келген ақындар екенін айтты. Екі ақын қазақ әдебиетіндегі Анна Ахматова мен Марина Цветаева сияқты егіз ұғымдар»,- деді Қ.Салғараұлы.
Оралдан осы кешке арнайы келген Батыс Қазақстан облыстық филормониясының әншілері Дастан Есентеміров пен Дария Бақытова ақынның сөзіне жазылған әйгілі «Ақ шағала» әнін шебер орындап берді. Сол секілді сөзін Ақұштап жазған «Оралдың ерке самалы» әнді белгілі әнші Айгүл Қосанова шырқады.
Астана жұртшылығы алдында ақын А.Бақтыгереева Отанды сүю, бүгінгі қоғамның қайшылықтарын сынға алған, елдікті асқақтататын, ар-намысты жанитын жырларын оқып берді. Ыстық ықылас білдірген көрерменге алғысын білдірді. Жайық өңірінен жиі келіп тұруға тырысатынын жеткізді. Айта кету керек, Ақұштап ақын қазір Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы болып қызмет етеді.
Ақын Нұрғожа Ораз, ғалым-жазушы Рымғали Нұрғали Ақұштаптың азаматтық үні, болашаққа үлгі болатын өр өлеңдері жайлы пікірлерін ортаға салды.
Осы кешке ақын қыз-келіншектер қатысып, жырларын оқыды. Жас оқырмандар да тырнақалды туындыларын таныстырды.