«Ақыл-есі кемтарлардың қалтасында қару жүр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Наурыздың 3-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 3-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Румыния Президенті Траян Басескумен кездесті. Мәртебелі мейманды ресми қарсы алудың барлық рәсімі жасалған соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Румыния Президенті Траян Басеску екеуара кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты мәселелерді талқылады. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан - Румынияның ірі инвесторы» деген тақырыппен беріліпті. «Сөзінің соңында Румыния Президенті Траян Басеску Қазақстан Республика­сы­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ұйым­ның жоғары деңгейдегі саммитін Астанада өткізу бастамасына қолдау білдіретінін айтты. Сонымен қатар ол Қазақстан аума­ғында тұратын румын этносына Қазақ­стан басшылығы тарапынан жаса­лып жатқан жақсы жағдайлар үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді»,- дейді басылым.

Алдағы 5 наурыз күні Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты ерекше құнды құжаттардың бірегей көрмесін ашуға әзірленуде. Ұжым үшін ертең де айрықша мәнді күн. Олар Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе отырып, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндет-мәселелерді сөз ететін "дөңгелек үстел" өткізбекші. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі осы Мұрағаттың директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Владимир Шепельді әңгімеге тартыпты. Көрме материалдарымен танысып, Президент мұрағатының басқа мұрағаттардан айырмашылығын білгіңіз келсе, гезеттегі «Президент мұрағаты: тарих пен тағылым» деген атпен берілген сұхбатқа назар салыңыз.

***

«Ақыл-есі кемтарлардың қалтасында қару жүр». Осындай тақырыппен «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген мақала қоғамдағы бір келеңсіздікті ортаға салыпты. «Қарағанды облысының психологиялық-наркологиялық диспансерінде тіркеуде тұрған бірнеше адамның қалтасында суық қару жүр. Қауіптісі сол, қойнына қару жасырғандардың қазір қай жерді мекендеп жатқанын ешкім білмейді. Мұндай фактіні прокуратура органдары анықтады»,-дейді басылым.

«БТА банкі директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің шетелдерге заңсыз шығарған қаржының көлемі 10 млрд долларды құрайды» деп мәлімдеді Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Егер бұл соманы алғандығы сотта дәленденсе, Мұхтар Әблязов осы заманның «ұлы ойыншысы» ретінде тарихта қалатын шығар. Егжей-тегжейін «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қаржыны шетке шығарудың шебері» атты мақаладан оқыңыздар.

«Египетке демалуға барған Қазақстанның сегіз азаматы екі тәулік Каир әуежайындағы камерада жатып, Мәскеу арқылы елге әрең жетті. Олардың неге депортацияланғаны қазірге дейін белгісіз. Осыған байланысты «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Египетте екі тәулік қамалғандар» деген мақала жарық көріпті. Басылымның жазуынша қамалған жазықсыздар туристік фирмаларды сотқа бермекші.

***

«Шығыс Қазақстан облысындағы Жоғарғы Егінсу ауылына электрик шаңғымен жетті, қардың көптігінен балалар шатырдан шанамен сырғанап жүр, балық іздеген балықшыларды құтқарушылар іздестіруде, жұрт дүкендерге кіріп жылынуда, 40 градус аязда келіншек жедел жәрдем көлігінде егіз туды, аш еліктер қораға кіріп жүр, үйректер мұз үстінде қатып қалды»,- деп жазды «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі саны. Толығырақ газеттегі «Қаһарлы қыстың қысқа күнтізбесінен» оқыңыз.

«Тарих ғылымы - қасиетті ғылым. Ол бұра тартуды да, әсіре бояуды да, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғуды да көтермейді. Оның өлшемі - шындық, ақиқатқа жүгіну», - дейді тарих ғылымының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында. Тарихтың терең қатпарлары жайында профессормен ой бөліскіңіз келсе, газеттің бүгінгі санындағы «Түркі академиясы құрылса, ақтаңдақтар азаяр еді» деген тақырыптағы сұхбатқа назар аударыңыз.

«Алаш айнасы»
басылымының күнделікті «Ой-көкпар» айдарында «Бозбалаларды 18 жастан әскерге алу - обал, бұғанасы қатпаған бала түрлі жағдайға душар болып жатады», деген профессор Майра Мырзахметова әскерге алу жасын 26-ға дейін шегеруді немесе тек келісімшарт негізіндегі тәртіпті қалыптастыруды ұсынады. Ал Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл қазақ жерін қорғаған батырлар мен Ұлы отан соғысына аттанған сарбаздардың 18 жасынан ерлік жасағандарын еске салады. «25-26-дағы жігіт ересек саналады, бұл жаста оның бойына патриоттық қасиеттерді сіңіру қиын. Сондықтан бала мектепті бітіре сала әскерге алу қажет. Бұл оның болашақ өмірі, келешегі үшін жақсы. Кейде тепсе темір үзетін жігіттердің араққа салынып, өзіне-өзіне, отбасына ие бола алмай жүргенін көрсең жанын ашып, жүрегің ауырады»,- дейді Бақытбек Смағұл. Әскер жасына қатысты пікірталасты газеттің «Ой-көкпар» айдарынан оқыңыз.

Соңғы жаңалықтар