Ақылбек Күрішбаев: Жерге қатысты халқымыздың ойынан шығатын шешім қабылдауымыз керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы жерлердің меншігі туралы сұрақ бүкіл қоғамымызды толғандырып отыр. Бұл туралы бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Жер реформалары мәселесі жөніндегі комиссия жұмысының аясында Экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобының үш отырысы өткізілді. Бұл отырыстарда ауыл шаруашылығы жер қатынастарына тиесілі көптеген жүйелі сұрақтар қаралды. Бірақ, қазіргі таңда қоғамның назарындағы ең өзекті мәселе – «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер Қазақстандық азаматтарға жеке меншікке беріле ме әлде берілмейді ме?», деген сұрақ. Бұл мәселе өте күрделі және өте маңызды. Оның шешімі бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, біз бұл мәселені Экономикалық жұмыс тобының деңгейінде емес, қоғамның алдында ашық түрде, тікелей онлайн режимінде, Жер комиссиясының отырысында талқылануы қажет деп шештік. Бұл ұсыныс Жұмыс тобының мүшелерімен бір ауыздан қабылданды. Сонымен қатар мен осы мәселе бойынша өзімнің жеке пікірімді білдіргім келеді. Комиссияның бірінші отырысында айтқан сөзімді қайталаймын: ауыл шарушылығы мақсатындағы жерлер ешкімге сатылмай мемлекеттің меншігінде болуы керек», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекеттің меншігінде болуы аграрлық саланың дамуына елеулі кедергі келтірмейді. Қазір де шаруашылықтар ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға алып отыр. Егер жер пайдаланушы тиімді жұмыс істейтін болса, сол жерді келесі мерзімге жалға алуға мүмкіндігі бар. Яғни бұл шарт көптеген шаруашылықтарға тиімді деуге болады.

«Осы сөздің дәләлі ретінде айтарым, 2003 жылдан 2016 жылға дейін ауыл шаруашылығы мақсатында жерлерді меншікке беруге руқсат етілген 13 жылда жеке меншікке сол жерлердің тек 1,3 пайызы сатып алынған. Яғни ауыл шаруашылығы жерлердің 99 пайызы жалда қалып отыр. Атап өткім келетіні, егер жерді жалға беру механизмі аграрлық өндіріске тиімді болмаса, қазір фермерлердің көбісі жерді сату керек деп талап қоятын еді. Менің ойымша, комиссиямыз бұрыннан шешімін таппай келе жатқан өте маңызды мәселені шешті. Ол - ауыл шаруашылығы жерлерін үшінші тұлғаларға мемлекеттен сатып алусыз жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл жерді мемлекеттің меншігінде қалдыра отырып, нарықтық айналымға қосуға, банктерге оны жалға алу құқығын кепілдікке қоюға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сенатор агралық салаға инвестиция тарту мәселесіне тоқталды.

«Мен бірінші отырыста айтқанмын, шетелдік инвестиция тарту үшін ең негізгі шарт – ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты және жоғары рентабелді болуы. Ол үшін біздің аграрлық саламыздың мемлекеттік қолдау жүйесі дамыған елдердегі сияқты тиімді болуы керек. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін сатудан түскен инвестицияға келетін болсақ, жоғарыда айтқан 13 жылда Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеу институтының мәліметі бойынша, сол жерлерді сатудан қазынаға 40 миллиард теңгеге жуық қаражат түсіпті. Менің ойымша бұл қоғамды соншалықты дүрліктіретін қаржы емес», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның атап өтуінше, басқа елдердің тәжірибесіне сәйкес, жерді кезінде сатып алған тұлғалар, меншіктегі жерінде өздері жұмыс істемей тек жалға беріп отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік бағасын көтереді. Ауылдық аймақтарда әлеуметтік мәселелерді, жұмыссыздықты тудырады.

«Мұндай мемлекеттерде жер қатынастарында рантье пайда болады. Біз осындай мәселелердің алдын алу керекпіз. Егер болашағымызды ойлайтын болсақ, біздің ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану қолжетімді болуы өте маңызды. Яғни олар өзінің аграрлық бизнесін ашу үшін, жерді жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Ауыл шаруашылығы жерлердің меншігі туралы сұрақ қазір бүкіл қоғамымызды толғандырып отыр. Мемлекет басшысы бізге осы мәселені ашық түрде және мұқият қарауды тапсырды. Сондықтан біз бүгін халқымыздың ойынан шығатын шешім қабылдауымыз керек», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар