Ақылы автожолдар мәселесінде сол өңірдегі халықтың төлем қабілеті де ескерілуі керек - С. Нұрғисаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақылы жолдар мәселесінде сол өңірдегі халықтың төлем қабілеті де ескерілуі керек. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты Серікбай Нұрғисаев мәлім етті.
«Жалпы, автожолдар мәселесінде халықтың төлемге қабілеттілігін де ескеру керек. Мәселен, бүгінгі таңда Көкшетау мен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша орташа жалақы деңгейі мен батыс өңірлерінің төлемге қабілеттілігін салыстыруға келмейді. Бұл ретте автожолдарға ақылы жүйені енгізу негізінен олардағы көліктер ағынына да қатысты болуы тиіс секілді», - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда Астана-Көкшетау бағытындағы автобан транзиттік емес, ал Ресейге баратын автожолдардың басым бөлігі транзиттік болып табылады. Сондықтан да, оларға бағаны көтеруге мүмкіндік бар. «Дегенмен, барлығын уақыт көрсетеді, қазір бұл мәселе талқыланып жатыр», - деді брифинг барысында депутат С. Нұрғисаев.
Еске сала кетейік, Қазақстанда ақылы автожолдар алғаш рет 2013 жылы «Астана-Шортанды» бағытында енгізілген болатын. Ал жоспар бойынша «Алматы-Қапшағай» автобаны 2017 жылға таман ақылы болады.