Ақылы жолдарда RFID жүйесі болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ақылы жолдарда автоматты түрде төлем аудару жүйесі болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, байланыссыз төлем алу үшін RFID-белгілер қолданылатын болады. Айта кеткен жөн, «RFID - Radio Frequency Identification», яғни «радиожиілікті идентификация» кезінде өзара мәлімет алмасуға болады. Ондайда арнайы құрылғылар RFID-белгілерге салынған ақпаратты 20 сантиметрден бастап 300 метрге дейінгі қашықтықта оқи алады. Сөйтіп, автоматты түрде ақы алуға мүмкіндік бар. RFID кәдімгідей домофон сияқты жұмыс істейді. «Бұдан бөлек, біз бейнекамераларды, метеорологиялық өлшеу құралдарын, көлік жүргізушілері үшін ақпараттық тақталарды орнату жұмыстарын атқарып жатырмыз. Сосын жүріп келе жатқан көлік құралдарын өлшеуді және жол жүру рұқсатын электронды тіркеуді қамтамасыз ететін автоматтандырылған арнайы өлшеу құралдары болады. Аталған шара автомобиль жолдарын күтіп ұстауға оң әсерін тигізеді. Биыл осындай 12 жүйені іске қосамыз деп отырмыз. Ал 2020 жылға дейін ол құрылғылардың саны 46-ға жетеді деген жоспар бар», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта «Астана - Теміртау», «Алматы - Қапшағай» және «Алматы - Қорғас» учаскелерінде ақылы жүйе енгізіледі. «Сонымен қатар, жалпы ұзақтығы 5 мың шақырым болатын 13 учаскеде ақы алу жүйесін жобалау жұмыстары аяқталуға жақын. 2020 жылға дейін 16 жолда ақылы жүйесі енгізілетін болады», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.
фото:alau.kz