12:41, 18 Ақпан 2013 | GMT +5
Ақын Әділғазы Қайырбековтің «Жандауа» жыр жинағы жарық көрді
АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің «Жандауа» жыр жинағы жарық көрді. Ақынның бұл поэзиялық еңбегін Алматы қаласындағы «TST Company» баспасы шығарып отыр.

Әділғазы Қайырбековтің осы жыр кітабына оның әр жылдарда жазылған өлеңдері мен толғаулары және балладалары топтастырылған. Айта кету керек, «Қара жартас хикаясы», «Ақ тұма», «Шер-шемен», «Жанартау», «Желтоқсан жаңғырығы» және «Қожагелді батыр» атты поэмалары енген. Азаттық аңсары, тәуелсіздік тынысы аңғарылып тұратын жырларының көркемдік бояуы қанық, ұлттық мұраты биік.
Мемлекеттік сыйлықтың игері, ақын Темірхан Медетбек кітапқа жазған алғысөзінде табиғаты әр текті ақындар болатынын, әрқайсысының өз әлемі, өз сазы, өз әуені, өз қолтаңбасы бар екенін айта келіп: «Міне, сондай өз әлемі әбден қалыптасқан, ауа райы атмосферасы бұзылмастай боп берік түзілген ақындарымыздың бірі, сөз жоқ, Әділғазы Қайырбеков»,- деп жазған.