11:00, 22 Ақпан 2018 | GMT +5
Ақын Қалқаман Сарин елордалық оқушылармен кездеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 ақпанда белгілі ақын Қалқаман Сарин елордалық оқушылармен кездесу өткізеді. Поэзия мерекесі қалалық №5 Балалар кітапханасында ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің мәдениет басқармасы.
Шараға белгілі поэзия майталмандары Құралай Омар, Олжас Сәндібек, сондай-ақ «Шабыт-2016» фестивалінің Гран-при иегері Ербол Алшынбай, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин, әнші Досымжан Таңатаров және басқа да белгілі тұлғалар қатысады.
Сонымен қатар, кездесуде елордалық оқушылар кеш иесінің өлеңдерін оқиды.
Қалқаман Сарин Қазақстанның Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және «Шабыт» халықаралық фестивалінің жеңімпазы. Оның «Арманымның бейнесі», «Құс жолындағы керуен» және басқа да шығармалары оқырман жүрегіне жол тапқан. Көркем де жеңіл тілмен жазылған автордың туындылары оқырманын баурап, қызықтырып отырады.
Айта кетейік, шара сағат 12:00-де басталады.