Ақын Нағашыбай Мұқатовтың прозалық жинағы жарық көрді

АСТАНА. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатовтың «Ой отауда оңаша» атты жинағы оқырман қауымға жол тартты. Бұл кітап Алматы қаласындағы «Тоғанай Т» баспасынан жарық көріп отыр,

Ақын Нағашыбай Мұқатовтың прозалық жинағы жарық көрді

  

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірнеше жыр жинақтарының авторы ақын бұл жолғы кітабында оқырманға өзінің көкейкесті тақырыптарға жазған мақалаларын, ой-толғамдарын ұсынған.

Кітап авторы «Баба қандай, біз қандай?», «Қазына қарттар қайдасың?» «Өлеңмен ойнайтындар ойланса», «Саз сандығын ақтарсақ» және басқа мақалаларында нарық заманының біздің қоғамға тигізген ықпалы, адамдардың ара қатынасының өзгеруі, ұлттық мәдени мұрамыздың қадір-қасиеті туралы келелі ойларды ортаға салған.

Ал «Оңашадағы ойлар» деген тақырыппен алуан түрлі мәселеге қатысты пайымды ой-пікірі қысқа да нұсқа берілген. Айталық, бір ой-толғамында әуежайдағы жолаушылардың жүктерін арнайы техниканың тексеріп, монитор арқылы ішіндегі заттарын түгел көрсететінін айта келіп, осындай ғажап тексеру құралы жасалса, ол адамдардың адамгершілік, кісілік қасиетін, жан дүниесінің сұлулығын айқын көрсетіп берсе, талай адамның бет-бейнесі анық байқалып шыға келетінін жазған.

Сондай-ақ қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, көрнекті ақындар Қайнекей Жармағанбетов, Мәриям Хакімжанова, Ғафу Қайырбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Серік Тұрғынбекұлы және басқа өнер адамдары жайлы жазған мақала-очерктері осы жинақта көрініс тапқан.

Айта кету керек, бұған дейін Нағашыбай ақынның «Сөйле, жүрек», «Ақ бұлақ», «Жанымның жасыл жапырақтары», «Айналайын, адамдар» атты поэзиялық жинақтары жарық көрді. Сонымен қатар «Қазыналы Қайнекей» атты ғылыми зерттеу еңбегі, «Бейсенбай биік бәйтерек» деректі әңгімелер жинағы және балаларға арналған «Қанат және Қаламқас» кітабы жарияланған. Н.Мұқатов - «Күлкім келеді» деген сатиралық интермедиялардың да авторы.