Ақын Нұрлан Қалқа Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы, Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында Қазақстан Жазушылар Одағының басқармасы мен Райымбек аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен белгілі ақын, публицист, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқаның шығармашылық кеші болып өтті.
None
None

Мәдени іс-шара жиылған ауыл жұртшылығы, аудан басшылары мен Астана мен Алматыдан келген ақын-жазушылар, журналистер, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің Кеген ауылындағы «Тарихқа тағзым» атты мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоқтарын қойып, аға ұрпаққа тағзым етуден басталды. Бұдан соң, жиылған көпшілік аудандық Мәдениет үйінде ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалады.

Әдеби кеш ақынның өміржолы мен шығармашылық жетістіктерін көрсететін мазмұнды бейнекөріністен бастау алды. Одан кейін белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Үсенбаев Нұрлан Қалқаның шығармашылық жолын барынша шынайы ашып көрсеткен баяндамасын жасаса, талантты ақын Серікжан Қажи жырдан шашу шашты. Ал кешті жүргізген белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан кеш иесіне арнаған жырын әлеуметтік желі арқылы жолдаған Алмат Исаның өлеңін оқып берді.

Кеш үстінде белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты«Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса Нұрлан Қалқаға осы басылымның қарымды қаламгерлерге арналған «Қаламдоз» сыйлығын тапсырды. Сонымен қатар, ақын-жазушылар Кәдірбек Құныпияұлы, Ермахан Шайхыұлы, Есей Жеңісұлы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреттары, талантты ақын Нұржан Қуантайұлы мен белгілі журналист Ғабит Мүсіреп, ақынның сыныптастастары Қанат Сәрсебеков, Талғат Миракимов, т.б. елжандылық, отаншылдық, патриотизм, туған жер, т.б. тақырыптарды үзбей жырлап жүрген ақын шығармашылығына сәттілік тілеген жылы лебіздерін жеткізді. 
null

Кеш барысында публицист Н. Қалқаның «Әке, сені сағындым» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Сондай-ақ, ақын Нұрлан Қалқа туған жер, атамекен, ел мен Отан, т.б. тақырыптарды қамтыған өз өлеңдерін оқып, жырсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Дәстүрлі әнші Ілияс Әбженбаев Сәдіқожаның «Сарыбидай» әнін, ал әнші Кәдірбек Сүлейменұлы халық әні «Бір бәйтеректі» нақышына келтіріп орындады. Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының актері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Боранбай Молдабаев ақынның «Ауылға бардым» өлеңін, театр және кино актері, Мәдениет қайраткері, «Терісқақпай» театрының әртісі Дархан Дайырбек ақынның «Қу дүние» атты өлеңіне бард стильде шығарған әнін, ұзынбұлақтық өнерпаз Берік Байбалаев ақынның сөзіне жазылған композитор Мәтқұлбек Майбасардың «Немере» атты әнін орындап, көпшілік қауымның ризашылығына ие болды.

Шығармашылық кештің салтанатты бөлігінде Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Талғат Байеділов пен аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев ақын Нұрлан Қалқаға Райымбек аудандық мәслихатының шешімімен берілген «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атағын және төсбелгісін табыс етті.

Бұдан бөлек, туған жеріне келіп, шығармашылық кешін өткізген ақынның атына игі тілекке толы құттықтаулар мен жылы шырайлы лебіздер «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М. Құл-Мұхаммедтен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Н. Алдабергеновтен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлынан, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаевтан, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Н. Оразалиннен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ. Мұтановтан, Райымбек ауданының әкімі Ж. Тажиевтен, «Өлке тынысы» ЖШС директоры М. Жанадиловтен келіп түсті.

Әдеби кеш барысында публицист-журналист Нұрлан Қалқа білім алған Ұзынбұлақ ауылындағы Ыдырыс Көшкінов атындағы орта мектептің оқушылары ақын өлеңдері бойынша поэтикалық көрініс қойып, жырсүйер жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум