05:10, 12 Мамыр 2012 | GMT +5
Ақырзаман туралы болжамды археологтар жоққа шығаруда
АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Америкалық археологтар Гватемалада майя тайпасының тағы бір күнтізбесін тауып, ақыр заман туралы болжамды жоққа шығаруда, деп жазады BAQ.kz «Хабар» агенттігіне сілтеме жасап.

Осыдан бұрын майя күнтізбесінде ақырзаман 2012 жылы болады деп жазылған деп айтылып келген.
Ал енді дәл осы майя тайпасының басқа бір күнтізбесі бұл болжамды жоққа шығарып отыр. Күнтізбе аспан шырақтарының қозғалысына негізделген. Айта кетер жайт, майяның жаңадан табылған күнтізбесі мен осыған дейінгі күнтізбе арасында ұқсастықтар бар. Ал басты айырмашылық - осы жылы ақыр заман боларына ешқандай сілтеме жоқ. Ғалымдардың айтуынша, майя күнтізбесінде Күн мен Ай және жұлдыздардың циклдары дәл берілген. Ол негізінен діни рәсімдерге және жұлдызнамалар жасауға пайдаланылуы мүмкін делінеді. Ғалымдар майя халқы дүниенің шексіздігіне сенгенін айтады.