«Ақжайық» резерватының тұтану қаупі бар учаскелеріне тәулік бойы кезекшілік қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысының жедел штабының тапсырмасы негізінде өрт шығуы мүмкін аумақтарда тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды облысы әкімдігі.

өрт
Фото: ТЖМ

13 маусымнан бері Атырау облысында жалпы ауданы 805 га қамыс өртінің бірнеше ошағы сөндірілді. ТЖД мәліметінше, қазір Атырау қаласынан 37 км жерде шамамен 7 га алаңдағы өрт болып жатыр. Өрт сөндіру жұмыстарын қалың қамыс пен екпінді жел қиындатып отыр. Өртті сөндіруге ТЖМ мен табиғи резерваттың барлық қажетті күштері мен құралдары тартылды. Жұмыс басталғаннан бері ТЖМ авиациясы өрт ошақтарына 33 рет су төкті. 

қамыс өрті
Фото: ТЖМ

— Өрт орнында жедел штаб жұмыс жасап жатыр. Облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев өрт сөндіру жұмыстарын басқаруда. Жағдай ТЖ министрлігінің тұрақты бақылауында, — делінген хабарламада.

Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, «Ақжайық» резерватының аумағындағы өрт тұтану қаупі бар учаскелерге тәулік бойы кезекшілік қойылды. Өрт бірнеше қайтара сөндірілгеніне қарамастан, «Ақжайық» табиғи резерватының жекелеген учаскелерінде от қайта тұтанып жатыр. Бұл шымтезекті және батпақты алқаптарға тән жағдай. Мұндай өрт ошақтары ұзақ уақыт бойына жойылмай, күн ысыған уақытта қайта түтіндеуі ықтимал.

— Осыған орай, Атырау облысының жедел штабының тапсырмасы негізінде өрт шығуы мүмкін аумақтарда тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды. Оған төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері, орман шаруашылығы өкілдері мен «Ақжайық» МТР инспекторлары тұрақты режимде жұмылдырылды. Бұған қоса, жағдайға жерден де, әуеден де мониторинг жасалып отыр. Жаңа өрт ошағының пайда болуы мен қайта тұтану жағдайында шұғыл әрекет етуге баса назар аударылған, — деп атап өтті ведомство.

Бұдан бұрын «Ақжайықтағы» өртке тікұшақпен 100 тонна су төгілгені хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар